Шымкенттегі үйлердің қабырғасы муралмен безендіріледі

Шымкентте көп қабатты үйлердің қабырғасына отбасы құндылықтарын насихаттап, тазалыққа үндейтін мағыналы муралдар салынып жатыр. 

Сәулет өнері отансүйгіштікті де  дәріптейді. Заманауи суреттер қала ажарын ашып қана қоймай,  ұлттық  тәрбиені жаңғыртуға  септігін тигізеді, дейді сала мамандар.

Суретші Абылайхан Сүлейменовтің  жобасы махаббат дастанының басты кейіпкерлеріне арналды. Шаһар сәулетіне ерекше реңк беру үшін, алдымен қабырғаны тегістеп, кейіпкерлердің нобайын сызған. Кейін қанық бояуды жағады.  Айтуынша, жұмыстың мінсіз шығуы үшін апталап тер төгуге тура келеді. 

Абылайхан Сүлейменов, суретші: 

- Салып жатқан суретіміз Қозы Көрпеш пен Баян сұлу. Заманға сай қылып салып жатырмыз. Жұмысты бастағанымызға бір жұмадай болып қалды. Жақсылап тұрып грунтовать етіп 2-3 слоймен, сосын контормен бастаймыз. Одан кейін суреттің түсін шығара береміз. 

Биыл көп қабатты үйлердің қасбетін безендіру жұмыстары ерекше қарқын алды. Көше өнері арқылы отбасы құндылықтары, экологиялық мәдениет пен адалдық идеялары насихатталада. Ұлттық нақыштағы заманауи кескіндер  тұрғындар мен шаһар қонақтарының  көңілінен шықты.

Фариза Мейірбек, қала тұрғыны: 

- Маған ұнады. Әсіресе мына сурет қатты ұнады. «Таза Қазақстан» деген. Бұл сурет адамдарды тазалыққа шақырады. Табиғатты аялай білуге арналған сурет. Жарқын түстермен салынған.

Әліби Сейілхан, қала тұрғыны: 

- Суреттерді өте көп байқап жатырмын осы Нұрсәттен. Сырттан өте әдемі көрінеді. Көрген адамға ұнайды деген ойдамын. Шетелден келген адамдарға да ұнайды деп ойлаймын және қазақы салт-дәстүрді изучать етуге шақырады осындай сызбалар.

Муралдар көп қабатты үйлердің қасбетін ғана емес, тұтас көшенің де ажарын кіргізді. Биыл осындай елуге жуық ғимарат әрленіп, жаңаша кейіпке енеді.   Ауқымды жобаға демеушілер де  қызығушылық танытып, қолдау білдіре бастады. Тұрғындардан  да сұраныс жоғары.

Жарылқасын Мәшбек, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: 

- Жалпы аудан тұрғындарынан бұл мурал салуға сұраныс көп. Біз муралдар салып бастағанда басқа үйдің де тұрғындары шығып біздің үйге де салып беріңіздерші деген ұсыныстарымен келіп жатады. Бұл жұмыстар жалғасын тауатын болады. Енді бірінші кезекте біз мурал ғана салып қоймай, жаңартып та кетіп жатырмыз.

Үй қабырғаларында заманауи бағыттан бөлек ұлт тарихында өзіндік орны бар тұлғалар мен елге еңбегі сіңген азаматтардың да бейнелері айшықталған.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов