Астанада 200 оқушы «Көзімнің қарасы» әнін орындады

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының күніне орай елордада «Ұлы дала әуені: Абайдың ән мұрасы» атты музыкалық флешмоб өтті.

Іс-шара аясында 200-ге жуық оқушы Абайдың әйгілі «Көзімнің қарасы» әнін бір мезгілде орындады.

Ашық аспан астында өткен мәдени іс-шара Абай Құнанбайұлының музыкалық мұрасын кеңінен насихаттауға арналды. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға, жекеменшік қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілерін ортақ шығармашылық алаңда біріктіруге бағытталды. Бұл – ұлы ойшыл шығармашылығының мәңгілік екенін дәлелдейді. Балалардың шынайы ықыласпен осы әнді орындауы – Абай мұрасын жүрекпен түсінудің белгісі. Ұлы тұлғаны тану – оның айтқанын терең түсініп, өмірлік бағдар ету.

Әннің көпшілікпен бір мезгілде орындалуы ұлттық ән өнерінің байлығы мен құндылығын айшықтаған әсерлі музыкалық көрініске айналды. Бірлескен өнер көрсету балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға, орындаушылық шеберлігі мен сахналық мәдениетін дамытуға, сондай-ақ ұлттық мұраға деген құрметін нығайтуға ықпал етті. Осындай рухани сабақтастық – ел ертеңін ойлар ұрпақтың ұлттық құндылыққа деген ілтипатын айғақтайды. Жас өрендердің Абай әнін әуелетіп айтуы – өнер мен өсиетті ұштастырған әдемі бастама.

Флешмобты Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті де қолдады. Айта кеткен жөн, жоба сондай-ақ «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында рухани-адамгершілік, ұлтжандылық және мәдени құндылықтарды қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосады, - дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ернар Нысанбай