Маңғыстаудың жерасты мешіттері – әлемдік мұра
Маңғыстаудың жерасты мешіттерінің табиғи қалпын сақтауға әрі қорғауға бағытталған арнайы жұмыс жоспары әзірленіп жатыр.
«Бекет ата», «Шопан ата», «Қараман ата», «Сұлтан Үпі» және «Шақпақ ата» жерасты мешіті биыл ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Халықаралық ұйым өкілдері аймаққа жұмыс сапарымен барып, тиісті құжаттарды рәсімдеуге кірісіп те кетті.
- Жерасты мешіттердің ішінде міндетті түрде әйелдерге, еркектерге, көпшілік араласып отыратын жер деген сияқты жерлері болған.
«Қараман ата» - Шетпе ауылы маңында орналасқан киелі мекен. Үш бөлмелі жерасты мешіті тұтасымен тау жынысынан қашалып жасалған. Кейінгі жылдары топырағы ішіне түсіп, төбесін тіреу үшін тас бағаналар қойылды. XIII-XIX ғасырларға жатқызылатын қорымдағы көне бейіттер жақсы күйде сақталған. Кейбірінде белгі ретінде тұрған тас бетіне айбалта, қылыш, қайшы-тарақ бейнеленген. Бұл жерленген адамның көзі тірісінде айналысқан қызметін, беделін білдіреді.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Біз қорымдағы көне бейіттің бірінде тұрмыз. Бұл жерде кімнің, қай уақытта жерленгені белгісіз. Ежелгі заманда жерлеу рәсімінің өзгеше болғаны көзге анық байқалады. Мәселен, бейіттің ішкі қоршауы сәбидің ана жатырында жатқан уақытын, ал үш бұрышты сыртқы қоршауы адам өмірінің тіршіліктегі рухани белгісі ретінде қойылған деседі.
Базарбай Әбдірахман, өлкетанушы:
- Қараман атаның ең алғашқысы бұл халықтар достығында көп еңбек сіңірген кісі. Қожа Ахмет Яссауидің жолын ұстанып, оны әрі қарай жалғастырғаны туралы көптеген аңыз әңгімелер сақталған. Аржағымыздың барлығы бір екенімізді, салт-дәстүріміздің, тіліміздің, дініміздің аталардан жалғасып келген асыл дүниені ары қарай жалғастырып, елдің бірлігіне, тұтастығына, достығына қызмет етіп. Солай айтылуы керек деп мен өзім ойлаймын.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Маңғыстаудағы жалғыз жартасты мешіт - «Шақпақ ата» мешіті де ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіліміне енгізілді. Ол өз заманында дәл осы жерде шәкірт тәрбиелеген ағартушы тұлға.
«Шақпат ата» жерасты мешіті жартастың төбесінен ойып, жасанды үңгір етіп жасалған. Төрт бөлмесі - солтүстік, оңтүстік, батыс және шығысқа қарайды. Қабырғаларға араб, парсы, түркі-шағатай тілінде 200-ден астам Құран аяты жазылған.
- «Сұлтан Үпі» мешітіне зияраттаушылар қасиетті құдық басында.
Ал адамзатты су апатынан құтқарушы саналатын «Сұлтан Үпі» жерасты мешітіндегі қасиетті құдықтың мөлдір суы бүгінге дейін зияратшыларды өзіне тартады. Әрқайсы ашық аспан астындағы музей деп айтылатын «Бекет ата» және «Шопан ата» жерасты мешітінің де әлемдік мұраға айналуы Маңғыстауға келетін турист санының өсуіне түрткі болары анық.
Нұрлан Құлбай, "Маңғыстау облысының мемлекеттік архиві" КММ директоры:
- ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік тізіміне еніп отырмыз ғой. Соның ішінде өзінің менеджмент жоспары болады. Сол жоспардың ішінде ЮНЕСКО-ның талаптары бойынша қандай жұмыстар жасайды, туризмнің әлеуетін қалай көтеру керек, оған қалай жол салынуы керек, оның инфрақұрылымына қалай болуы керек, визит-орталықтар қалай салынуы керек деген сияқты. Соны біз де асыға күтіп отырмыз қазір.
Александр Наварро Франция ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының Бас хатшысы:
- Маңғыстаудағы бес сакральды мекен биыл шілде айында ЮНЕСКО-ның Адамзаттың мәдени және табиғи мұрасын қорғау туралы Конвенциясы аясында Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. Тарихы тым терең, киелі орындарды қорғап, кейінгі ұрпаққа жеткізуде Қазақстан Үкіметімен қатар жергілікті тұрғындардың да қосқан елеулі еңбегі байқалады.
Қазір ЮНЕСКО ұйымының өкілі Маңғыстауда жұмыс сапарымен жүр. Бақылау жұмыстары аяқталған соң бес жерасты мешітіне қатысты сертификат ел Үкіметіне ресми түрде тапсырылады. Содан кейін көне нысандарды сақтау және дамытуға арналған арнайы жұмыс жоспары түзіледі.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев