Шымкентте Шәмші Қалдаяқовтың рухына құрмет көрсетілді

Шымкентте Шәмші Қалдаяқовтың рухына құрмет көрсетілді. Биыл қазақ вальсінің королі атанған әйгілі композитордың туғанына – 96 жыл. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранына айналған, «Менің Қазақстаным» атты аңызға айналған әннің музыкасын жазған композитордың ескерткішіне қала тұрғындары гүл шоқтарын қойды. 

Ұлы маэстроның туған күнінде шымкенттіктер оның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Биыл Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 96 жыл толып отыр. Гүл қою рәсімі композитордың биіктігі жеті метрлік қола мүсіні бой көтерген «Шәмші әлемі» кешенінде өтті.

Құралай Сәтмұхамбетова, ҚР композиторлар одағының мүшесі, композитор, әнші:

- Шәмші Қалдаяқов – қазақ өнерінде өшпестей із қалдырып кеткен феномен деп айтсақ та болады. Әндерінің, шығармаларының ғұмыры ұзақ композиторларымыздың бірі.

Шәмші Қалдаяқовтың өмірден озғанына да отыз жылдан астам уақыт өтті. Алайда оның әуезді әндері әлі күнге дейін дәл бүгін жазылғандай жаңғырып, жүректерге жетіп жатады. Оның шығармалары махаббат пен жастық жалынға, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілікке тұнып тұр.

Зәуре Оралбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Шәмшінің әндері – мәңгілік әндер ғой. Қазір тіпті жастардың өздері де өте жақсы көреді, үлкен кісілер де сүйіп тыңдайды. Сондықтан бұл – шынында да, артында өлмес із қалдырған, керемет рухани мұра қалдырған тұлға. Шәмшінің әндері әуелеп, жасай береді деп есептеймін.

Халықтың жүрегіне жол тапқан композитордың туған күніне орай Шымкентте ауқымды концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сахна төрінде сазгердің көпшілікке кеңінен танымал ең үздік әндері шырқалды.

Композитордың әндері оркестрдің сүйемелдеуімен және эстрада өнерпаздарының орындауында шырқалды. Ал қала көлемінде Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған музыкалық челлендж ұйымдастырылды. 

Авторлары: Серік-Ибраһим Орынбек, Нұрмахан Мұсатов