Солтүстіктен қола дәуіріне тиесілі ірі қоныс табылды

Төрт мың жыл бұрынғы тарих қайта жаңғырды.

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Имантау елді мекенінен қола дәуіріне тиесілі ірі қоныс табылды. Қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер мұнда ежелгі адамдардың ұзақ уақыт тұрақтап, егіншілік, мал шаруашылығы және өзге де кәсіп түрлерімен айналысқанын аңғартады. Қазақстан мен Қытай ғалымдарының бірлескен зерттеуі көне дәуірдің тыныс-тіршілігіне қатысты тың деректер ұсынып отыр. 

Имантаудағы археологиялық қазба жұмыстары 14 шілдеде басталып, бір айдан астам уақытқа жалғасты. 300 шаршы метрден астам аумақ ғылыми зерттеуден өтіп, нәтижесінде қола дәуіріне тиесілі қыш ыдыс бөлшектері, тас құралдар мен жануар сүйектері табылды. Бұған қоса сүйектен жасалған жапсырмалар, жебе ұштары, қоладан жасалған біздер мен металл өңдеуде қолданылған кен қалдықтары да құнды жәдігерлердің қатарынан орын алды.

Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Ұлттық музейінің директоры:

«Музейдің халықаралық жобаларының бір бағыты – шетелдік ғалымдармен бірлесіп, біздің тарихи мұрамызды, соның ішінде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу. Қазіргі таңда Қытай ұлттық музейімен бірлескен алғашқы қазақ-қытай археологиялық экспедициясы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – қола дәуірі мен ерте темір дәуірін зерттеу. Қазір Солтүстік Қазақстан облысындағы Көкшетау өңірінде қола және ерте темір дәуірлеріне қатысты зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл тақырып халықаралық ғылыми қауымдастық арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр».

Солтүстік Қазақстан облысынан өткен ғасырдың аяғында қола дәуірінің сарқыншағы Ботай мәдениетінің табылғаны белгілі. Ал енді бұл тізімді Имантау елді мекеніндегі қоныс толықтырмақ. Қытайлық мамандардың айтуынша, бес жылға жалғасатын зерттеудің алғашқы нәтижелерінің өзі үлкен археологиялық олжаларды анықтап отыр.

Сяо Лэй, Қытай Ұлттық музейі архелогия институтының аға ғылыми қызметкері:

«Қазақстанның Ұлттық музейінің шақыруына алғысымызды білдіреміз. Біз бес жылға келісім-шартқа отырдық. Мақсатымыз – қола дәуірінің қонысын зерттеу. Қазба жұмыстары барысында көптеген артефакт табамыз деген үміттеміз. Бұл жерден жылқы мен мал сүйектері көптеп кездесті. Яғни мұнда төрт түлікті ұстау мәдениетінің қалыптасқанын көруге болады. Біз Еуразия даласында қола дәуірі мәдениеті басталған кезеңді зерттеу үшін келдік».

Экспедиция жетекшісінің айтуынша, табылған артефактілер Имантау қонысының күрделі шаруашылыққа негізделген тұрақты мекен болғанын аңғартады. Қоныстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жоғары мәртебелі топ өкіліне тиесілі болуы мүмкін деген де болжам бар. Бұған тұрғын үйдің бірнеше қабаттан тұруы дәлел дейді мамандар.

Данияр Дүйсенбай, ҚР Ұлттық музейі «Мәдени мұраны ғылыми зерттеу институты»  бөлім меңгерушісі, археолог:

«Одан бөлек батыс жағында қола дәуірінің пешін таптық. Күлдің орындары немесе күйген тастар барлығы бұның пеш екендігін от жаққандығын білдіреді. Алайда оның металлургиялық пеш пе немесе басқа да пеш екендігін әлі анықтау үстіндеміз. Бұл жердегі негізгі материалдардың қызықты қатарына сүйектен жасалған бұйымдар оның ішінде сүйектен жасалған жебелер, қырғыштар, сүйек біздер табылуда. Металлургиялық шлактар, металдың рудалары, яғни кен орындарының қалдықтары  және қоладан жасалған біздер табылып отыр. Қазіргі таңда біз осы жұмыстардың 80%-на келіп жеттік. Соның нәтижесінде көптеген мал сүйектері, қыш өрнектер табылып отыр. Сол қыш өрнектеріне қарап б.з.д. XVI- XV ғасырлармен мерзімдеп отырмыз». 

Қазба жұмыстарына қытайлық 4 маман және еліміздің түпкір-түпкірінен 20-дан аса қызметкер тартылған. Олардың қатарында студенттер де бар.

Тілеубек Бердібек, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті:

«Мамандығым тарихшы. Қазбаның жалпы үшінші аптасы. Қола дәуіріне жататын сақ қонысы. Бұл жерден табылып жатқан табылымдарға қарағанда, мысалы, қоладан жасалған қайрақ табылды. Одан бөлек сүйектен жасалған жебенің ұшы табылды. Яғни бұл жерде адамдар тұрақты қоныстанған деп есептеледі. Бұл жерден алып жатқан тәжірибем көп. Қазба жұмыстарына мектеп кезінен қатысамын». 

Нұралы Әшімов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті:

«Деректерге сүйене келе бұның қоныс екеніне нақты сенеміз. Менің дәл қазір қазып жатқан секторым қоныстың сыртқы жағы. Ішкі жақтары, арғы ортасы бөлмеге кіреміз. Қола дәуірінде үйді ағаштан салынғандығы айтылады». 

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан археологтар қазба аумағын кеңейтіп, тұрғын үйдің құрылымын толық анықтап, қоныстың тарихы мен ежелгі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты тың деректерді зерттейді. Ал келер жылы нысанаға ерте темір дәуірінің ескерткіштері алынбақ. 

Назым Кенжебай, Айнұр Төлеуғалиқызы