Астана мәдени туризм орталығына айналып келеді
Астана әлемдік деңгейдегі жұлдызды қарсы алуға дайындалып жатыр. 3 қыркүйекте «Астана-Арена» стадионында танымал әнші Энрике Иглесиас өнер көрсетеді.
Сала мамандарының айтуынша, мұндай ауқымды жобалар елордада туризм мен бизнестің дамуына серпін береді.
Энрике Иглесиас – әлемдік эстрададағы ең танымал әншілердің бірі. Ал Астанада өтетін концерт – Музыканттың Орталық азиядағы аудиториясы үшін тамаша мүмкіндік. Әлемдік поп-музыка жұлдызын жанды дауыста тыңдау үшін шетелден мыңдаған турист жиналады деп жоспарланған.
Мадина Ильясова, қала тұрғыны:
- Энрике Иглесиас – бала кезімізден сүйіп тыңдайтын әншіміз. Оның концертіне барғысы келетін адамдар көп. Біз әншінің Қазақстанға келе жатқанына өте қуаныштымыз. Өйткені Нью-Йоркке немесе Мадридке бару біз үшін әлдеқайда қымбатқа түсер еді. Ал қазір тамаша мүмкіндік туып тұр. Концертті тек әлеуметтік желіден емес, өз көзімізбен көре аламыз.
Концертті өткізу үшін Қазақстанға 60 маманнан құралған халықаралық топ келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрерменді сапалы үнмен үйлескен музыкалық шоу күтіп тұр. Концерттің басты ерекшеліктерінің бірі – интерактивті білезіктер. Бұл білезіктер бағдарламамен синхронды қосылып, кештің көркін келтірмек. Орталық Азияда халықаралық деңгейде мұндай технология алғаш рет қолданылады.
Базарбек Қамысбаев, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының департамент директоры:
- Энрике Иглесиастың қалаға келуінің пайдасы мен маңызы туралы айтатын болсақ, ең алдымен, бұл – әлемдік жұлдыздардың Астанаға деген сенімінің артуы. Олар Астананы тартымды туристік қала ретінде танып отыр. Яғни бұл жерде қауіпсіз әрі туристер үшін тартымды деген шешімге келіп, өздерінің концерттерін Астанада өткізуге шешім қабылдап отыр. Бұл халықаралық деңгейде Астананың туристік тартымдылығын ілгерілетуге өз әсерін тигізеді.
Сарапшылар оқиғалық туризм экономиканың басты драйверлерінің біріне айналғанын айтады. Мысалы, былтыр Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys топтарының концерттеріне 20 мыңнан астам шетелдік турист келген. Мұндай шаралардың қала экономикасына қосқан үлесі 12 млрд теңгеге бағаланды. Тағы бір мысал жақында өткен – Comic Con Astana фестивалі. Ол 10 мыңға жуық шетелдік қонақтың басын қосып, 3,5 млрд теңге төңірегінде қаржы әкелді.
Базарбек Қамысбаев, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының департамент директоры:
- «Оқиғалық туризмді» қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, белгілі бір шараға келген, яғни концертке болсын, іс шараға болсын, фестивальге болсын келген турист, ол концерттің билетін алып қана қоймай, қонақ үйде тұрады, такси қызметін пайдаланады, қосымша экскурсия пайдаланады. Сондықтан мұндай туристің орташа чегі, жұмсайтын ақшасы көбірек болады. Мысалы, MasterCard деректері бойынша Астанадағы турист күніне $230 қаржы жұмсайды. Яғни бұл турист кем дегенде 3 күн аялдайды десек, қалада $690 долларды бір турист қалдырады.
Бұған дейін елде 55 негізгі шараны біріктірген бірыңғай іс-шаралар күнтізбесі бекітілген. Оған мәдени, этномәдени, гастрономиялық және экологиялық жиындар енді. Ал былтыр Астана 1 млн 600 мың туристі қабылдады. Мұндай сандар бұрын соңды болмаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7%-ға артық. Алдағы екі жылда Астанада спорт түрлерінен бірден жеті әлем чемпионаты өтеді. Тек күрес бойынша әлем біріншілігінің өзіне ұйымдастырушылар 9 мыңға жуық турист келеді деп болжап отыр.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ануар Әбдірахманов, Арман Ақшабаев