Қазақ тазысы күні: Димаш Құдайберген Президенттің ерекше сыйлығын көрсетті

Фото: Instagram/kudaibergenov.dimash

Бүгін, 3 қыркүйек – қазақ тазысы күні. Осыған орай танымал әнші Димаш Құдайберген әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтың ұлттық тұқымы мен тұлпарына қатысты ерекше фотоларымен бөлісті, деп хабарлайды «24KZ».

 Әнші жариялаған алғашқы кадрда өзі Ақжанның әкесімен бірге түскен. Димаш Құдайберген Мемлекет басшысының тұлпарымен серуендеп қайту өзі үшін үлкен мәртебе болғанын атап өтті.

Ал екінші суретте өнер иесінің жанында Мемлекет басшысының Нэнси және Наурыз атты тазылары бейнеленген.

Димаш Құдайберген тазыға қатысты өзіне сыйланған ерекше сыйлық туралы да жазды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы оған тазы сыйлаған. Әнші оған «Ғарышкер» деген ат қойған.

Бүгін – қазақ тазысы күні. Сіздермен бірегей кадрлармен бөліскім келеді, – деп жазды Димаш Құдайберген.

Жазбаға шетелдік оқырмандар да пікір қалдырды

Димаш Құдайбергеннің жазбасына аз уақыт ішінде әлемнің бірнеше елінен пікір түсті.

Желі қолданушылары фотоларға жылы лебіздерін білдіріп, қазақтың тұлпары мен тазыларына тәнті болғандарын жазды. Пікір қалдырғандардың арасында Түркия, Германия, Испания, Индонезия, Чили, Аргентина, Мексика, Таиланд және басқа елдердің қолданушылары бар.

 Шетелдік оқырмандардың бірі бұл фотолар қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы «Жеті қазына» ұғымын еске түсіретінін атап өтті. Оның ішінде жүйрік ат пен адал тазының да орны ерекше екенін жазды.

 Көпшілік Димаш Құдайбергенге фотоларды бөліскені үшін алғыс айтып, қазақтың ұлттық мәдениеті мен құндылықтарын әлемге танытып жүргенін атап өтті.

Айта кетейік, 3 қыркүйек Қазақстанда биыл алғаш рет қазақ тазысы күні ретінде аталып өтеді. Бұл дата 2024 жылғы 3 қыркүйекте Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) қазақ тазысын алдын ала тану туралы шешім қабылдауына орай белгіленген.

 «24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: