Әнші, сазгер Манарбек Ержановтың есімі ұлықталды
Даланың дара дауысы. Қазақтың дәстүрлі ән өнеріне өзіндік өрнек қалдырған Манарбек Ержановтың шығармашылығы Түркияда ұлықталды.
Әнші-композитордың 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған тағылымды іс-шараға Манарбектің кіндік қаны тамған Арқа даласының өнерпаздары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі, композитор, күйші Манарбек Ержановтың туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шара Түрксой шаңырағында өтті. Кешке Қарағандыдан арнайы келген өнерпаздар мен қазақ пен түрік зиялы қауым өкілдері қатысты. Мұнда ұлы әншінің мұрасы ғылыми тұрғыда сараланып, әуезді әні мен күмбірлеген күйі түркі әлемінде қайта жаңғырды.
Бұл – Ержановтың ел аузында қалған «Сайра, бұлбұл» әні. Даланың дара дауысындай Манарбектің ерекше үні мен ұлттық өнерге деген ерекше махаббаты қазақ операсының қалыптасуына сеп болды. Қазақтың Күләшімен бірге классика өнерін өрістетті. Кремль сахнасында Шегенің ариясын орындап, ұлттық өнерді биік деңгейде танытты.
Ғалымжан Өтелбайұлы, Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:
- Манарбек Ержанов – қазақтың әншілік өнеріне өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған тұлға. Оның дауысы мен орындаушылық шеберлігі, композиторлығы, актерлық қайталанбас қыры ұлттық өнерге деген шынайы махаббаты, тұтас бір дәуірдің рухани шежіресі деуге толық негіз бар.
Ұлттық өнердің өрісін кеңейткен композитордың осы күнге дейін 150-ден астам ән мен күйі жеткен. Мамандар әншінің заманына қарай кей ұмыт бола бастаған шығармаларын насихаттауды күшейту қажеттігін айтады.
Дәуренбек Аркенов, Қ. Байжанов атындағы ансамбльдің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
- Біздің өткен уақытымызбен бірге заманға байланысты әндерін бәлкім келешекте сөзддерін қайта жазғызу керек болатын шығар. Сол тұрғыдан көптеген әндері жиі айтылмайды. Өйткені уақытпен қалып қойып жатыр. Совхозшылар, колхозшылар, еңбек адамдарына ән арнаған.
Манарбектің мұрасын дәріптеп жүрген өнер ұжымдары аз емес. Әнші мен күйшілер композитордың көркем туындыларын орындаса, ақындар тағылымды жолын жырына арқау етіп жүр.
Серік Ақсұңқарұлы, ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Ақтоғайдың «Тоқырауын толқындары» деген атақты ансамбль бар. Бұл керемет ансамбль. Республикаға мәлім. Соның программасында Манарбектің бүкіл мұрасы қамтылған. Әншілер туып жатыр қазір. Жас Манарбектер келіп жатыр дүниеге. Мен енді бұл кісі туралы поэма жазам ба деген ойымда, болашақта жоспарым бар.
Манарбек Ержановтың шығармашылығы қанша уақыт өтсе де, құндылығын жойған жоқ. Есімі шекара асып ұлықталып, әндері түркі әлемінде қайта жаңғырды. Анкарада өткен игі іс-шара – соның айқын дәлелі.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева