Түркістан мен Анадолының рухани сабақтастығы кітап болып шықты
Анкарада Түркістан мен Анадолы арасындағы ғасырлар бойы жалғасқан рухани сабақтастықты арқау еткен кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Бұл еңбекте Қожа Ахмет Ясауи ілімінен бастау алған түркі дүниесіне ортақ адами құндылықтар, еңбек мәдениеті мен адамгершілік ұстанымдар баяндалады. Мұндағы құндылықтарды енді түркі елдерінің кәсіби білім беру жүйесіне енгізу ұсынылып отыр.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркістаннан Анадолыға жалғасқан рухани сабақтастық. Анкарада Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның алғысөзімен жарық көрген «Түркістаннан Анадолыға өркениет көпірі: ахилік дәстүрі» атты кітаптың тұсауы кесілді. Түркі жұртының еңбек мәдениеті мен адами құндылықтарын дәріптейтін мына туындымен қатар, Ахмет Яссауиден Ахи Эвранға дейінгі рухани байланысты арқау еткен деректі фильм де көпшілік назарына ұсынылды.
Алқалы жиында ахиліктің тек қолөнершілер мен кәсіпкерлерді біріктірген тарихи ұйым ғана емес, адал еңбек пен өзара қолдауды дәріптейтін өркениеттік дәстүр екені талқыланды. Ал оның рухани бастауы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи ілімімен сабақтас, - дейді сарапшылар.
Сұлтан Раев, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:
- Түркі әлемін тек ортақ тіл, ортақ тарих немесе ортақ мәдениетіміз арқылы ғана қарастыруға болмайды. Түркі әлемі – бұл ең алдымен, ортақ жад және ортақ құндылықтар кеңістігі. Түркістаннан бастау алған рухани ілім Анадолыда ахилік дәстүр ретінде институционалдық сипат алып отыр.
Мамандардың айтуынша, Қожа Ахмет Яссауидің пайым мен парасат, адамдық пен адалдық сияқты руханиятқа негізделген ұстанымдары ғасырлар бойы Анадолыға таралған. Ал Ахи Евран бұл құндылықты еңбек пен сауда мәдениетінің маңызды өзегіне айналдырды.
Хүсейін Караман, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті қамқоршылық кеңесінің төрағасы:
- Бұл көпір екі дәуірді, екі ұрпақты, бір халықтың өткені мен бүгінін жалғап тұр. Ал «Ахмет Ясауиден Ахи Евранға дейін» фильмі осы көпір арқылы жеткен рухани қадамның үнін осы күнге жеткізді. Екі еңбек Түркістан мен Анадолы арасындағы мың жылдық рухани байланысты зерделейді.
Қос туынды да сәуір айында Түркістандағы халықаралық симпозиумда басталған зерттеу жұмысының жемісі. Енді бұл ахилік ілім түркі мемлекеттерінде кәсіптік білім беру жүйесіне енгізілуі мүмкін.
Күршат Зорлу, Әділет және даму партиясының түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі басқарма басшысы:
- Бүкіл түркі әлемінде кәсіптік-техникалық білім беру мен шәкірттік жүйені дамытып, оны үйлестіру үшін ахилік қағидаларын басты ұстаным ретінде қабылдауды ұсынамыз. Тиісті мекемелермен бірлесіп, бұл ұсынысымызды түркі елдерінің саммитінде талқыламақпыз.
Сондай-ақ алқалы жиында ахилік дәстүрді ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу туралы бастама көтерілді. Осылайша ұйымдастырушылар Түркістаннан бастау алған рухани құндылықты бүкіл түркі әлемінің ортақ мұрасы ретінде танытуды көздеп отыр.
Авторы: Ә.Нұрлыбаева