«Хабар» телеарнасында жаңа музыкалық жоба көрерменге жол тартады
«Хабар» телеарнасында жаңа музыкалық жоба.
Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары «Топ тартыс» бағдарламасында өнер көрсетеді. Әншілер командаға бөлініп бақ сынайды. Әйтсе де музыкалық сайыстың форматы бұған дейінгі шоуларға қарағанда мүлдем басқа.
«Топ тартыста» әнші Сәкен Майғазиев пен Жұбаныш Жексенұлының командасы жарысқа түседі. Айдана Меденова, Мақсат Рахмет, Қанай секілді қыз-жігіттер Сәкеннің командасында. Жұбаныштың тобы да осал емес. Әбдіжаппар Әлқожа, Бейбіт Сейдуалиева мен Балжан Бидаш бастаған мықтылар барын салары сөзсіз. Әр топта жеті әншіден. Байқаудың басты ерекшелігі - қатысушылар қарсыласының кім болатынын алдын ала білмейді. Құпия конверт соңғы сәтте ашылады.
Дана Нұржігіт, «Топ тартыс» бағдарламасының жүргізушісі:
- Көрерменге құлаққағыс болсын жақын арада Хабар арнасында, ерекше үлкен мегажоба, музыка, тартыс, өте қызықты талқылаулар болады. Керемет әндер. Әр бағдарлама түрлі тақырыпқа арналады. Мысалы, қазір түсіріліп жатқан бағдарлама достық туралы.
Иә, әр бағдарлама бірде достықты, енді бірде махаббат тақырыбын арқау еткен әндерден тұрады. Әншілер бірде той әндерін жаңаша шырқаса, енді бірде саундтректер әлеміне саяхат жасайды. Қазақ композиторлары Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтереков, Ержан Серікбаев пен Арман Дүйсеновтің туындыларын орындайды. Қарсыластың әнін шырқайды. Ал кімнің орындауы сәтті шыққанын студиядағы көрермен дауыс беру арқылы бағалайды.
Жұбаныш Жексенұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Бұл енді алдындағы сайыстардай жекпе жектердей емес. Бұл командалық сайыс болғаннан кейін бәсі басқа бағдарлама болады деп ойлаймын. Қыз-жігіттердің барлығына сәттілік тілеймін. Тағы да біраз әнді шоламыз. Тағы да біраз әншілердің шеберлігіне, кімнің қай деңгейде екініне, кәсіби деңгейіне куә боламыз.
Жанды дауыс, шынайы эмоция, күтпеген қарсылас. Осының барлығын жаңа жобадан көруге болады. Музыкалық шоу 24 қазан, сенбі күні көрерменге жол тартады. Ендеше "Хабар" арнасының «Топ тартысынан» қапы қалмаңыз!
Бекзат Үшкемпір, Айдос Қалиев