Режиссер А. Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толды
Кино өнерінің классигі, қазақ балалар киносының негізін қалаушы Абдулла Қарсақбаевтың туғанына биыл 100 жыл.
Осыған орай «Қазақфильм» киностудиясындағы Даңқ аллеясына мәдениет және өнер қайраткерлері келіп гүл қойды. Рухына тағзым етті. Дарынды режиссердің туындылары ұлттық кинематографияның алтын қорына енген. Классикалық шығармалары әлі күнге дейін мән-маңызын жоғалтқан жоқ.
Абдулла Қарсақбаев дегенде ең алдымен Бердібек Соқпақбаевтың повесі желісінде түсірілген «Менің атым Қожа» фильмі еске түседі. Режиссер бұл фильмді 36 жасында түсірген.
Ол баланың риясыз көңілін ашудың шебері болды. Сондықтан болар алғашқы туындысы шыққанына көп болмай жатып, 1967 жылы Канн халықаралық кинофестивалінде «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» номинациясы бойынша сыйлыққа ие болды.
Олжабай Мұсабеков, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Бұл фильмді Каннский фестивальға ұсынады. Сол жерде жүлде алады. Бірақ Әбекеңді жібермейді. Москваның чиновниктері өздері барып жүлдені алады. Сонда Қазақфильмнің бірінші фильмі Әбекең түсірген шетелдік үлкен фестивальда жүлде алған. Сонда жолды ашып берген Әбекең ғой қазақтың киносына.
Қожаның мінезі, балалық қателігі, жақсы болам деген ұмтылысы бүгінгі көрерменге де жақын. Абдулла Қарсақбаев кинематографиясының ерекшелігі осында. Яғни әр адамға түсінікті қарапайым сезімдерді жеткізе білуінде. Оның мақсаты еркін ойлай білетін жас ұрпақты тәриелеу еді. Сондықтан жылдар өтсе де оның киноларын көрермені қайталап көруден жалықпайды.
Ринат Қосай, кинооператор:
- Менің әкем Қадыр Қосай алғашқы кәсіби дыбыс режиссерлерінің бірі. Ол кісі Қарсақбаевпен бірге талай жұмыс істеген. Әкемнің айтуынша, «Алты жасар Алпамыс» фильмінің түсіріп жатқан кезде ауырып түсірілім алаңына келе алмай қалады. Алпамыстың мектепке бара жатқан сәтін бейнелейтін 4-5 планды екінші режиссерға түсіруге тапсырады. Кейін оны жаратпай тастайды. Себебі деталь жоқ. Эмоция жоқ деген. Осыдан-ақ оның баланың ішкі жан дүниесін, толқынысын қалай сезінгенін бағамдай беріңіз.
Абдулла Қарсақбаев мықты суреткер! Оған еңбектері дәлел. «Кинокартиналары өз дәуірінің шеңберінен шығып, бірнеше буынның мәдени жадында сақталған туындыға, классикаға айналды», - дейді ұлы Тоқтар Қарсақбаев. Оның өзі де кинорежиссер. Бүгін ұрпақтары да Жұлдыздар аллеясына келіп, естелік тасқа гүл шоғын қойды. Тоқтар «Қилы кезеңдегі» кейіпкердің есімі. Әкесі осылай атаған. Ал келіні Майра Қарсақбаева атасының киноларын ғылыми түрде зерттеуді қалайды.
Майра Қарсақбаева, Абдулла Қарсақбаевтың келіні:
- Ол кісінің сегіз киносының барлығы да барлығы шедевр болған, барлығы сол тек қана қазақ киносының емес, совет киносының алтын қорына енген. Барлық киносын болашақта цифрландыруға мақсат қойып отырмыз. Оның киноларының бәрі қазақ дәстүрінің, мәдениетінің энциклопедиясы деуге болады.
«Қилы кезең», "Даладағы қуғын", "Балалық шаққа саяхат", "Менің ағам", "Қатарыңнан қалма", "Алты жасар Алпамыс" сияқты кинолары мен деректі фильмдері барлығы дерлік қазақ киносының құнды қазынасы. Биыл халқымыздың біртуар перзентінің ғасыр тойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр.
Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов, Мұхит Құдықбаев