Ж. Жабаевтың 180 жылдық мерейтойы өтті
Алматы облысында XX ғасырдың Гомері атанған ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойы өтті.
Түркі әлемінің ортақ мақтанышына айналған жыр алыбының мерейтойы жыл басынан бері ел көлемінде кеңінен аталып өтіп жатыр. Сол іс-шаралар бүгін ақындар мен батырлар еліне баланған Жамбыл ауданында қорытындыланды.
Жыр алыбы Жамбыл Жабаев – халқымыздың рухани қазынасын барынша байытып, өлмес, өшпес із қалдырған ұлы тұлғалардың бірі. Халық поэзиясы мен қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі жыраулық дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа жалғап, қазақтың айтыс өнерін биік деңгейге көтеріді. Алатау баурайында өткен дүбірлі тойда Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.
Шыңғыс Әрінов, Алматы облысының әкімі:
- Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойы құтты болсын! Жамбыл – қазақтың сөз өнерінде айрықша орны бар дара тұлға. Ардақты Сүйінбай Аронұлынан бата алған ақын ғысрға жуық ғұмырда елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ұлт мұрасын жырына арқау етті.
Жамбыл мұрасы - ұлт руханиятының асыл қазынасы іспетті. «Жамбыл - менің жай атым, Халық - менің шын атым», - деп жырлаған жыр дүлділіне Мұхтар Әуезовтің өзі «ақындардың ақыны, айдын көлдей ақылы», - деп жоғары баға берген.
Жанарбек Әшімжан, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Қалай болған күнде уақыт ұзаған сайын Жамбылдың тағылымы, насихаты әркезеңде ұлтқа, әсіресе дәл бүгінгідей тәуелсіздік дәуірінде өте маңызды. Бұл тек қана Жамбыл жырлары өткен кезеңді дәріптейтін емес, болашаққа, тәуелсіздікті сақтауға, жас ұрпаққа жол сілтейтін шамшырақ, темірқазық іспеттес.
Жыр алыбының мерейтойына келген меймандар қазақ эстрадасы жұлдыздарының өнері мен ұлттық ат спортынан өткен дала қызықтарын тамашалады. Жамбыл Жабаевтың артында қалған құнды мұрасы қанша ғасыр өтсе де өз маңызын жоймай, халқымен бірге жасай бермек.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов