Алматыда «Мальчишник vs Девичник. Соңғы түн» фильмінің тұсаукесері өтті

Қазақ киносының қоржыны тағы бір туындыға толықты. Алматыда «Мальчишник vs Девичник. Соңғы түн» фильмінің тұсаукесері өтті. Картина комедия жанрында түсірілген. Жабық көрсетілім Kinopark 11 Esentai кинотеатрында болды. Романтикалық комедия бүгіннен бастап көрерменге жол тартады, деп хабарлайды 24KZ.


Картина BB Films продюсерлік орталығының жаңа туындысы. Сценарий желісі бойынша, отбасы құруға дайындалып жүрген қос ғашық Мансұр мен Зеренің үйленер алдындағы оқиғасы баяндалады. Олар той алдында достары ұйымдастырған кешке қатысып, күтпеген жағдайға тап болады.

Айшолпан Байтүгел, актриса:

– Кино өте күшті! «Мальчишник және Девичник» — бұл жастарға арналған жоба. Көңіліңізді көтеруге, өзіңіздің жастық шағыңызды еске алуға, достарыңызбен бірге шулатып өткізген уақытты еске түсіріп, ностальгияға бөленуге арналған күшті проект деп ойлаймын. Түсірілім процесі де өте қызық болды!

«Күлкіге толы туындының көрерменге астарлап айтары көп», – дейді жоба авторлары. Фильмде жастардың қарым-қатынасы және өмірде болатын түрлі жағдайлар туралы сөз қозғалады. Жабық көрсетілімге белгілі актерлермен, режиссерлер және журналистер жиналды. Фильмнің түсірілім деңгейі мен дайындығы жоғары.

Әлібек Әбдіхалық, фильмнің режиссёрі:

– Біз командамызбен ерекше, еркін әрі динамикалық фильм түсіргіміз келді. Бұл — жастарға арналған фильм. Көңілді кештерде жиі болатын оқиғаларды және кейде мұндай кештердің соңы неге әкелуі мүмкін екенін көрсеткіміз келді. Сондай-ақ бір-бірімізді бар қалпымызда қабылдаудың маңызды екенін жеткізгіміз келді. Фильм барлығына ұнайды деп ойлаймын!

Көркем туынды бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіледі. Бұл – жас режиссер Әлібек Әбдіхалықтың алғашқы толық метрлі туындысы. Жоба авторларының сөзінше, фильм әсіресе жастарға ұнауы тиіс. Себебі туынды жастарға жақын тақырыпта түсірілген.

Ернұр Рысбай, Кенже Амраев Алматыдан.

Сондай-ақ оқыңыз: