Алматыда «Ине сыры - қуыршақ жаны» көрмесі ашылды
Ине мен жіптің тілін тапқан қолөнерші.
Алматыдағы Ұлттық орталық музейде суретші Гүлмира Садықованың «Ине сыры - қуыршақ жаны» атты көрмесі ашылды. Көрмеге автордың 80-нен аса туындысы қойылған. Суретшінің айтуынша, кейбір картиналарын жасауға бір жылдан аса уақыт кеткен. Ол ине мен жіпті көркемдік құрал ретінде пайдаланып, мата бетіне түрлі бейнелерді кестемен өрнектейді. Қолөнершінің туындылары халықаралық деңгейде бағаланып, EXPO Dubai көрмесіне қойылды. Сонымен бірге көрмеде қолөнершінің қуыршақтар коллекциясы ұсынылды. Мұнда әлемнің әр бұрышынан жиналған қуыршақтар бар.
Гүлмира Садықова, суретші:
- Қуыршақтарды жинап жүргеніме 50 жылға жуық уақыт болды. Коллекциямда 2 мыңнан аса қуыршақ бар. Бірақ бүгінгі көрмеге тек таңдаулылары ғана қойылды. Ал бұл коллекциям жеті бағыттан тұрады. Олар қазақ, орыс, қытай, жапон, афроамерикалық қуыршақтар.