«Саған сендім» телехикаясының түсірілімі басталды

Отбасындағы бауырмалдық, шынайы қарым-қатынас пен жауапкершілік. «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен «Саған сендім» атты жаңа телехикаяның түсірілімі басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Туындыда тағдырдың тауқыметін тартқан екі баланы қамқорлығына алған жезденің өмірі баяндалады. Шығармашылық топ көрерменге отбасының қадірін ұғындырып, жақынға жанашыр болудың маңызын жеткізуді көздейді.

Сериалдың алғашқы түсірілімі қара шаңырақтан басталды. Бұл да бекер емес. Өйткені отбасы – адам бойындағы ізгі қасиеттердің қалыптасатын ортасы. «Саған сендім» телехикаясын «5 студия ТВ продакшн» компаниясы түсіруде.

Толқын Сейдоллақызы, фильм продюсері:

– Бұл жобада, әрине, көрерменге беретін ең басты мазмұны мен мақсаты – отбасылық құндылық. Қашан да отбасының құндылығын, отбасының қадір-қасиетін, оның ішінде ата-ананы қадірлеу, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, бауырмалдылық, қиындық кезде бірге болу деген сияқты қасиеттерді көрерменнің бойына сіңіру мақсатында осындай телехикаяның сценарийін жазып, өндіріске енгіздік.

Оқиға желісі бойынша Әли есімді жігіт сүйіктісінің ата-анасы қайтыс болғаннан кейін жетім қалған оның екі бауырына қамқор болады. 15 жастағы ұл мен 10 жастағы қызды өз әулетінің қарсылығына қарамастан, жауапкершілігіне алады. Жас болса да, балалардың болашағына сеніммен қарап, оларға ағалық мейірім мен жанашырлық танытады.

Күнсұлу Тұрғынбекқызы, актриса:

– Анасымын, кейде қысылған сәттерде әйелдік ащы даусы шығып кететін жерлері бар. Негізінен мейірімді ана. Ол – балаларының болашағын ойлайтын, олар үшін бәрін жасауға дайын, өмірге деген құлшынысы мол, бойында жылулық пен мейірім бар ерекше ана.

Шығармашылық топтың айтуынша, телехикая көрерменді жақындарына жанашыр, берген уәдеге берік болып, сенімді ақтауға үндейді. «Саған сендім» – отбасы алдындағы жауапкершілік пен адамдық қасиеттерді арқау еткен туынды.

Серік Сарыбай, «Хабар» Агенттігі» АҚ Алматы филиалының директоры:

– «Хабар» Агенттігі ұлттық құндылықтарды, мемлекеттік құндылықтарды дәріптеп келе жатқан үлкен телекомпания. Қазіргі кезеңде сенім деген дүние суалып бара жатқан кезде сериалдың атауы осылай қойылуы ұтымды деп ойлаймын. Отбасылық құндылықтан барып, мемлекеттік құндылықтың биігіне көтерілетін ұрпақ шығады. Сондықтан «Хабар» Агенттігінің алға қойған мақсаты – осы ойлы да өнегелі ұрпақ тәрбиелеу.

Басты кейіпкер Әлидің рөлін Қуаныш Құдайберген, ал Айша бейнесін Ақниет Беласар сомдайды. Сонымен қатар телехикаяға театр және кино саласында танылған актерлер де үлес қосуда. Олардың қатарында Жомарт Зейнәбіл, Сафуан Шаймерден, Дария Жүсіп, Ұлан Үсібәлиев және Күнсұлу Тұрғынбекқызы бар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Айбек Ақшолақов

Сондай-ақ оқыңыз: