Алматыға заманауи қуыршақ театрлары жиналды
Алматыда дәстүрлі және заманауи қуыршақ театрларының фестивалі жалғасып жатыр. Шаһарға шет елдерден үздік 14 қуыршақ театры келді. Қатысушылар бірнеше күн бойы көрерменге түрлі қойылым ұсынады, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл байқауға түсуге шетелдік 78 театр ниет білдіріпті. Дегенмен ұйымдастырушылар 14 ұжымды іріктеп алыпты. Иран мен Молдова елдері алғаш рет қатысып отыр. Бүлдіршіндерді қиял әлеміне жетелеу үшін сахнаға әуелі тегерандық «Deemak» театры шықты. Олардың «Маршмэллоу» қойылымы Шел Сильверстайнның «Лафкадио» шығармасы желісінде сахналанған. Спектакль балаға өзгеге еліктемей, өз болмысын сақтауды үйретеді.
Шервин Дорости, фестиваль қатысушысы /Иран/:
– Біздің қойылымның ерекшелігі қағаздан жасалған қуыршақтарды қолдануымызда. Спектакль көрерменнің көңілінен шығады деп ойлаймын. Фестивальден көп тәжірибе жинаймыз деп сенемін.
Қуыршақ театрлары көне заманда пайда болды деген болжам бар. Ол – пұтқа табыну, діни мистериялардан туындаған. Сондықтан алғашқы қуыршақ жүргізушілер де шамандар мен абыздар болған. Орта ғасырларда біраз жетіліп, 20-шы ғасырда кәсіби өнерге айналды.
Түркиялық қуыршақ шеберлері көлеңкелі театр өнерін паш етті. «Карагёз» ұжымы әйгілі «Әлем жұлдыздарының шоуын» көрсетті. Ал қырғызстандық өнерпаздар Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» шығармасын сахналады. Бұл қойылымнан жас көрерменнің түйері көп. Өнерпаздар үшін фестиваль – нағыз тәжірибе алмасатын алаң.
Алмат Аманкелді, Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының директоры:
– Биылғы фестивальді сол креативті спектакльдер фестивалі деп ерекшеледік. Қазіргі заманауи спектакльдер балаларды өздеріне тарта алатын, жаңа технологияларды, көлеңкелі театр технологияларын қолданады. Өйткені бұрынғыдай ертегімен қазіргі балаларды қызықтыра алмаймыз.
Халықаралық мәдени додада «Үздік спектакль», «Үздік қуыршақ жүргізуші» секілді 6 номинация сарапқа түседі. Жеңімпазды шетелдік және отандық мамандардан құралған қазылар анықтайды. Былтыр бас жүлде испаниялық театрға бұйырған болатын. Биылғы фестиваль үздігі сенбі күні белгілі болады.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Мұхит Құдықбаев