Алматы облысында «Әр бала – елімнің жарқын жұлдызы» фестивалі өтті

Алматы облысында «Әр бала – елімнің жарқын жұлдызы» атты мерекелік шара өтті.

Дәстүрлі жиында ерекше балалар ән айтып, би билеп, сурет салды. Өз қолымен жасаған қолөнер бұйымдарын көрсетті. Фестивальге ауыл-аймақтан 70-ке жуық бала қатысты.

Талғар ауданындағы «Ақжол мейірім» оңалту орталығында өткен шара Республика күніне орай ұйымдастырылды. Мақсат - ерекше балалардың шығармашылығын қолдап, қабілеті мен талантын таныту. Сондай-ақ қоғамның назарын аударып, балалардың ортаға бейімділіп кетуіне мүмкіндік жасау.

Дәулет Шәйтұрсын, Алматы облысы балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы:

- Акжол мейірім орталығында 70-ке жуық өнер көрсететін балаларымыздың өнерін тамашалап, мерекемен құттықтап, әкімдіктің атынан дайындаған сыйлықтарымызды табыстаймыз. Және осы жақтың балалардың таланттары, бисерден жасаған небір бұйымдарынан жәрмеңке ұйымдастырып, бүгінгі қоғамға олардың қажеттіліктерін сезіндірейік дедік.

«Ақжол мейірім» орталығының мамандары балаларға қолайлы орта қалыптастыруға бар күшін салып отыр. 2014 жылдан бері мұнда 1500-ден астам бала көмек алған. Қазір орталықта 252 бала оңалтудан өтіп жатыр. Мұнда балалардың денсаулығын нығайтумен қатар білімін жетілдіріп, күнделікті өмірге қажетті дағдыларды қалыптастыруға көңіл бөлінеді. 

Мұхамедәзиз Нұрахметов, оңалту орталығы директорының орынбасары:

- Жыл басынан бері 319 баланы қабылдадық. Оларға медициналық оңалту, психологиялық және педагогикалық көмек көрсетеміз. Жалпы балаларды жан-жақты дамытуға тырысамыз. Орталығымызда барлық қызмет тегін. Бізге Алматы облысынан ғана емес, Алматы, Қызылорда, Степногорск, Қарағанды қалаларынан да балалар келеді. Тіпті Ресейден келген балалар да бар.

Мерекелік шара соңында барлық қатысушыға грамоталар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар балалардың қабілетін дамытуға және қоғамда инклюзивті орта қалыптастыруға ықпал ететінін айтады.

Гүлім Советхан, Аманжол Жонкешов

Сондай-ақ оқыңыз: