«Сараман жолы» кітабының тұсаукесері
Мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Сараман жолы» атты жаңа кітабы жарық көрді. Шығарма қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, драматург Мұхтар Әуезов пен оның ұлы, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов туралы жазылған. Автор қос кейіпкердің тағдыры арқылы XX ғасырдағы қым-қуыт оқиғаға толы қазақ қоғамының саяси тарихын әр қырынан ашып көрсетеді, деп хабарлайды 24KZ.
Мұхтар Құл-Мұхаммед – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, сонымен қатар публицист, әдебиет зерттеушісі, ғалым. Жазушылық қыры тарихи-танымдық зерттеулер, көркем эсселер, әдеби мақалалар мен ұлт тұлғалары туралы жазылған еңбектерімен ерекшеленеді. Бұл жолы Ұлттық кітапханада «Сараман жолы» кітабы таныстырылды. Басып шығарған – «Атамұра» баспасы.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР ҰҒА академигі, қоғам қайраткері:
– Түрлі басылымдарында 2023 жылдан 2026 жылға дейін түгелдей жарық көрді. Әлеуметтік желіде парақшалары бар. 100 мыңнан, бәлкім, одан да бірнеше 100 мыңдай оқырмандар оқыған сияқты. Кез келген кітаптың мақсаты – оқырманға жету.
Іргелі еңбектің «Үндістан үндестігі», «Жазылмаған Жапония», «Ашылмаған Америка» атты кейінгі үш тарауы әкелі-балалы Әуезовтердің әлемнің үлкен үш елі – Үндістан, Жапония және АҚШ-қа жасаған сапарларына құрылған. Жинақта 20 ғасырдағы күрделі кезеңдер түгелдей қамтылды.
Зиябек Қабылдинов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры:
– Дұрыс зерттелмей келе жатқан «Жас тұлпар» деген жастардың қозғалысы 60-70 жылдардағы. Әуезовтер басқарған соған қай кезде құрылды? Қандай азаматтар қатысты? Мұхтар Абрарұлының еңбегінде суреттеледі.
Кітап он тараудан тұрады. Оның бәрі тарихи деректерге, ғылыми зерттеу еңбектеріне негізделген. Тарихи оқиғаларды автор ғылыми дәлдік пен әдеби көркемдікті тоғыстыра отырып жазған. Шығарма қалың көпшілікке арналған.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев