Ригада ЕХРО-2017 роуд-шоуы ұйымдастырылды

«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы Ригада латвиялық жетекші туроператорларды халықаралық көрме барысымен таныстырып, роуд-шоу ұйымдастырды.

Мақсат көрмеге шетелдік туристерді көптеп тарту. Тараптар әлемдік деңгейдегі шараның туризм бизнесіне оң ықпалын талқылап, екі мемлекет арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту жолдарын қарастырды.

ЕХРО халықаралық көрмесі 2017 жылы өтетін ең басты шаралардың бірі болмақ. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған адам жиналады деп күтіліп отыр. Латвиялық туристерді тарту үшін екі тарап арасында ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойылды. Ригада ұйымдастырылған роуд-шоуда жергілікті туроператорларға көрме жайлы толық ақпарат беріліп, оған қатысудың тиімді тұстары белгіленді.

Сәуле Бөлебаева, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Ілгерілету және туризм департаментінің өкілі:

- Бүгінгі күні 111 мемлекет және 17 халықаралық ұйым ЕХРО көрмесіне қатысатынын растады. Оның тақырыбы өзекті болып тұр. Оған қоса көптеген түрлі мәдени шаралар өтеді. Біз туроператорларға ЕХРО-ның басымдықтарын толық жеткізе алдық деген сенімдеміз.

Қазақстан туристік бағыт ретінде латвиялықтар үшін әлі де таңсық. Жергілікті туроператорлардың пікірі осы. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін ЕХРО көрмесінің өткізілуі жақсы мүмкіндік. Келер жылдан бастап Латвия азаматтары Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз келе алады. Енді күн тәртібінде тікелей әуе қатынасын реттеу мәселесі ғана қалды.

Маргарита Шалаева, туристік компанияның басшысы:

- Латвия мен Қазақстан арасында ұшатын тікелей рейс жоқ. Логистика дамуы да жоғары деңгейде емес. Менің ойымша, ЕХРО көрмесінің арқасында екі ел бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орната алады. Қажет болса, чартерлік рейстерді ашуға болады.

ЕХРО мен Қазақстанның туристік мүмкіндіктері Латвияда келер жылы Балттур көрмесінде тағы да таныстырылады. Бұл шараға Прибалтика өңіріндегі ең ірі әрі жетекші туроператорлар жиналмақ.

Авторлары: Дариға Ташенова, Марина Петрова, Сергей Самойлов