384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Опера» «Қыз Жібек» спектаклін жаңа форматта ұсынады

  • 1215
  • UPD: 15:21, 16.01.2017
«Астана Опера» «Қыз Жібек» спектаклін жаңа форматта ұсынады фото: juldyz.kz

Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» спектаклін «Астана Опера» ұсынады.

Тұсаукесер 10 және 11 ақпанда өтеді. Отандық классикалық өнердің тарихында симфониялық оркестрмен бірге операда алғаш рет қазақтың ұлттық аспаптары қолданылады, деп хабарлайды «Астана Операның» баспасөз қызметі.

Қоюшы режиссер – Беларусь Үлкен театры мен самаралық опералық театрдың бас режиссері Михаил Панджавидзе (Ресей), жаңа музыкалық редакцияның авторы, қоюшы дирижер – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.

Қазақтың тұңғыш операсы – Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегі» 1934 жылы қойылған. Либреттосын аса көрнекті халық жазушысы Ғ.Мүсірепов, халықтың аттас лиро-эпостық поэмасын негізге ала отырып жазған.

Бұл Жағалбайлы мен Шекті руларынан шыққан қос ғашық – айбынды жауынгер Төлеген мен сұлу Жібектің арасында өрбіген жүрек тербетер махаббат жайлы оқиға. Рулар арасындағы қарама-қайшылық, сондай-ақ Бекежанның қызғанышы қайғылы жағдайға әкеліп соғады. Төлеген қарсыласының қолынан мерт болады.

Айта кетерлігі, бастапқыда спектакль қазақтың белгілі күйлері мен әндерінің музыкалық цитатасымен қатар опера әншілері драмалық спектакльдегідей сахнада тұрып әңгіме түрінде жүргізетін диалогтардан құралды.

Маэстро бұрын-соңды болмаған балалар хорын қосты, сонымен қатар ұлттық аспаптарды жеке һәм «Астана Опера» Симфониялық оркестрімен бірге ойнайтындай етіп пайдаланды. Осылайша классикалық аспаппен қатар, тыңдарман халық аспаптарын - домбыраны, қылқобызды, шаңқобызды, жетіген мен кернейді тамашалайды.

Өзінің бірегей стилистикасымен және опералық материалмен өзгеше жұмыс жасайтындығымен ерекшеленетін қоюшы режиссер Михаил Панджавидзе, көрерменді бұл жолы да таң қалдырғысы келеді.

Қазақ халқының дәстүрімен, мәдениетімен және тұрмысымен жіті танысқан Беларусь елінде жұмыс жасайтын ресейлік режиссер, «Қыз Жібек» операсына қызыға кірісті. Бұл оның Қазақстанда ұлттық опера қоюдағы алғашқы жұмысы болғанмен, Панджавидзе елордалық көрерменмен және қазақстандық опера әншілерімен әлдеқашан таныс. Ол 2010 жылы К.Бәйсейітова атындағы театрда Ж. Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсын қойған.

Хабар 24 телеарнасы