384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таңбалы туралы жаңа кітап жарық көрді

  • 1118
  • UPD: 21:06, 19.01.2017

ЕХРО-2017 көрмесінде еліміздің тарихи-мәдени мұралары да кеңінен насихатталады.

Туристерді қызықтыратын осындай 76 нысан белгіленген. Олардың арасында «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі бар. Жақында Таңбалы жайында тың деректер жинақталған «Ежелгі Жетісу. Археологиялық ескерткіштер» атты кітап жарық көрді. Ғылыми еңбек қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылды.

Таңбалы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген, аса құнды жәдігерлеріміз сақталған тарихи мекен. Жетісуда орналасқан дала музейінде республикалық маңызы бар ескерткіштер саны 100-ге жуық. Атап айтқанда, шатқал іші археологиялық қорғандар, қорымдар мен қоныстарды құрайды.

Осы күні Таңбалы тастарында тасқа қашалған 5 мыңнан астам петроглиф зерттеліп, мән-мазмұны анықталған. Бірақ кейінгі жылдары тарихи-қорық мұражайында күрделі археологиялық жұмыстар жүргізілмеген. Дегенмен археологтардың жаңадан құрастырған жинағында еліміздің тарихы мен мәдениетіне қатысты тың деректер енгізіліпті.

Үш тілде жазылған жинаққа археологтардың Таңбалы жартастарында қашалған әр сурет пен таңбаны, қорымдарды зерделі зерттеген еңбектері енген. Бельгиялық ғалым Люк Херман Аққайнар жазығын зерттеу еңбегінде ерте темір ғасырына жататын 4100 суреттің барын айтады. Аң аулауға шығудың суреті дәл осы кезеңде бейнеленген. Көне түркі ғасырына 800 таңба, ал жаңадан табылған төрт дұға жазуы қазақ-жоңғар кезеңіне жатқызылған.

Абай Бигелдиев, Таңбалы тарихи-мәдени және табиғи-қорық музейінің директоры:

- Бұл кітапқа барлық ғалымдардың бұрын жарияланбаған еңбектері еніп отыр. Еуропалық ғалымдар болсын, біздің ғалымдар болсын, солардың соңғы 1-2 жылдағы зерттелген еңбектерінің нәтижесі алғаш рет еніп отыр.

Былтыр Таңбалыны 3 мың адам тамашалапты. Шетелден 700 саяхатшы мен ғалымдар келген. «Ал, биыл Астана ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі аясында тарихымызбен танысуға осы өлкеге келетін адам саны 10 мыңға жуық болуы мүмкін», - дейді археологтар.

Авторлары: Алмас Садуақас, Ғани Бекенов

Хабар 24 телеарнасы