384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Біржан Сара» қойылымы «Астана Опера» театрында сахналанады

  • 967
  • UPD: 07:46, 20.01.2017
«Біржан Сара» қойылымы «Астана Опера» театрында сахналанады

Қазақ операсының жауһары «Біржан Сара» қойылымы «Астана Опера» театрында сахналанады.

Қазақ өнерінің алтын қорына енген спектакль бұған дейін қазақстандықтарды ғана емес шетелдіктерді де тәнті етіп, құрмет-қошеметке бөленген. Биылғы маусымда өнер ордасының әншісі Мадина Исламова театр сахнасына алғаш шығып, Алтынай рөлін сомдайды. Өктем, тәкәппар, менмен, қызғаншақ. Вена консерваториясының түлегі өзінің кейіпкерін осылай суреттейді. Мадина Исламоваға үлкен сахнадағы алғашқы рөлін сомау оңайға соқпады. Өйткені, әнші жағымсыз кейіпкердің бейнесін ашып, көрерменге жеткізу үшін іштей ұзақ дайындалғанын жасырмады. Театрға кіре салысымен Алтынай бейнесіне еніп, өзіне жат қылықтарды айталап, тер төгуге тура келген. Егер Сара бейнесін сомдағанда мұнша қиналмас едім дейді.

Мадина Исламова, «Астана Опера» театрының солисі:

- Алтынайдың бейнесі, ұстанатын өмірлік қағидасы мені таң қалдырды. Бойжеткен тік мінезді, ерекше қыз. Дегенмен оның өктем, тәкәппар мінезі оның махабатын тұншықтырды. Ол қарсыласының талантты, дарынды, жүрегі кең, халқы сүйген, халқының махаббатына бөленген жан екенін түсінбеді. Мойындай алмады.

Шоқтығы биік «Біржан Сара» операсы театрдың бойтұмары деседе болады. Жақсылық пен жамандық, дарын мен көре алмаушылық, пайдакүнемдік қасиеттердің қақтығысы шебер суреттелген қойылым көптің жүрегін жаулап, өз көрерменін қалыптастырды. Шетелдіктердің өзі қойлымға жоғары бағасын берді.

Наталья Кагадий, «Астана Опера» театрының режиссері:

- 2014 жылы спектакль Ресейдің Санкт-Петербург қаласында сахналанды. Ресейліктердің құрмет-қошеметіне бөленді. «Біржан Сара» қойылымы өткен маусымда көрерменге жол тартты. Содан осы маусымда алғаш рет шыққалы тұр. Бұл астаналықтардың сүйікті қойылымдарының бірі деп сеніммен айта аламын.

Қойылым режиссері «Біржан Сара» операсы жас дарындардың жолын ашады деген сенімде. Ал көпшілік асыға күткен опера 22 қаңтар күні көрсетіледі.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Жандос Битабаров.

Хабар 24 телеарнасы