383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Опера» сахнасында Дж.Пуччинидің «Богема» операсы қойылады

  • 582
  • UPD: 16:38, 23.01.2017
«Астана Опера» сахнасында Дж.Пуччинидің «Богема» операсы қойылады фото: Астана Опера

29 қаңтарда «Астана Опера» театрының сахнасында новосібірлік опера және балет театрының солисі, талантты бас дауысты әнші Андрей Триллердің қатысуымен Дж.Пуччинидің «Богема» операсы ұсынылады.

Дирижерлік тізгінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Новосібірлік опера және балет театрының солисі, дарынды бас дауысты әнші Андрей Триллер «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында ұлы италиялық композитор Дж.Пуччинидің «Богема» спектакліндегі философ Колленнің партиясын сомдайды. 29 қаңтарда өтетін қойылымның дирижерлік тізгінін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері  Ержан Дәуітов қолға алады.

Тамаша әнші Андрей Триллердің қоржынына опера сахнасында орындалған бірнеше ондаған партиямен қатар, ауқымды камералық репертуар кіреді. Көрерменнің назарын өзіне аударып, оның зейінін кеш бойы жібермейтін қабілеті бар вокалшы Ресейде және шетелдегі гастрольдік сапарлары барысында өнерін үлкен жетістікпен паш етеді.

Колленнің богемалық достарының партиясын орындайтын қазақстандық опера сахнасының жұлдыздары, театрдың жетекші солистері: ақын Рудольф – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Татарстанның Еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Бекмұхамбетов, суретші Марсель – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин, музыкант Шонар – театр солисті Евгений Чайников. Нәзік шебер тігінші Мимидің рөлінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова, ал жеңілтек, жүректі баурап әкететін әнші Мюзетта – Салтанат Ахметова. Спектакльдің музыкалық жетекшісі – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, қоюшы режиссері – Ресейдің Халық әртісі Юрий Александров.

«Астана Опера» театрының бас хормейстері, «Құрмет» орденінің кавалері Ержан Дәуітов М. Төлебаевтің «Біржан-Сара», Дж. Вердидің «Травиата», Дж. Пуччинидің «Мадам Баттерфляй», «Тоска», «Богема» сияқты көптеген опералық спектакльдерінің қоюшы хормейстері және дирижері болып табылады.

Хабар 24 телеарнасы