383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Опера» театрында нағыз классикаға айналған туындылар мен халық әндері шырқалады

  • 629
  • UPD: 14:21, 31.01.2017
«Астана Опера» театрында нағыз классикаға айналған туындылар мен халық әндері шырқалады фото: Астана Опера

«Астана Опера» театрында тамаша солистерінің орындауында нағыз классикаға айналған туындылар мен халық әндері, сондай-ақ заманауи композиторлардың шығармалары шырқалады.

«Інжу-маржан» концерті 5 ақпанда Камералық залда өтеді.

Концерт ұйымдастырушылары көрерменді жаңа әрі сирек орындалатын музыкалық туындылармен қуантатын болады. Камералық зал сахнасында алғаш рет Т.Бейсенбектің «Аққуым» әні, Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» операсынан Мыстанның тарантелласы, сондай-ақ Ғ.Жұбанованың «Еңлік-Кебек» операсынан ариозо, Б.Қадырбектің «Үш қоңырдың аяғы құм болады» әні шырқалады.

Кеш бағдарламасында опералардан ариялар мен дуэттер, Абай, Жаяу Мұса туындылары, халық әндері, сондай-ақ Е.Брусиловский, М.Төлебаев, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев, Б.Байқадамов, Ғ.Жұбанова, М.Маңғытаев, Н.Меңдіғалиев, Т.Бейсенбек, С.Еркімбеков, Б.Қыдырбек шығармалары ұсынылады.

«Концерттің басты мақсаты – қазақтың ұлттық музыкасын көпшілікке насихаттау болып табылады. Бұл шығармалар – нағыз баға жетпес қазына, сондықтан әртістердің қазіргі ұрпағы оларды бағалап, сақтап, жиі орындап жүрулері тиіс. Осындай өзіндік ерекшелігі басым, бірегей музыкалық мұрамыз барына қуанып, еліміздің музыкалық мәдениетін мақтан тұтамыз. Бізбен бірге «Інжу-маржан» жобасына қатысып жатқан театр режиссері Наталья Кагадий концерттің қызықты тұжырымдамасын жасауда. Өткен жылдар тәжірибесіне сүйене отырып, біз көрерменге дуэттердің өте ұнайтынын байқадық. Сол себепті бағдарламаға жұптар ансамбльдерін қостық. Сахнада әншілер сүю мен қайғыру, қоштасу мен қайта кездесу сезімдерін бастан кешеді», - дейді Роза Нүркей.

Өз өнерін паш ететін тамаша әртістер – Салтанат Мұратбекова, Роза Нүркей, Рамзат Балакишиев, шақырылған қонағымыз – баритон Азамат Жылтыркөзов.

Фортепиано партиясы – Жанар Ахметова, режиссер – Наталья Кагадий. 

Хабар 24 телеарнасы