383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Санкт-Петербург тұрғындары «Астана Опера» әртістерінің өнеріне тәнті болды

  • 627
  • UPD: 18:40, 02.02.2017

«Астана Опера» Мариинский театрының сахнасында «Париж Құдай Анасының соборы» балетін өнерсүйер қауымның назарына ұсынды.

Өткен жылдың шілдесінде Виктор Гюго романының желісімен әзірленген балеттің тұсауы «Астана Опера» театрында кесілген еді. Жаңа қойылым енді Петербор сыншыларынан жоғары баға алып отыр. Екі күн көрсетілетін спектакль аншлагпен өтіп жатыр.

Ресейдің мәдени астанасының өнерсүйер қауымы әйгілі Морис Жарр балетін бұдан қырық жыл бұрын тамашалаған еді. Ол кездері балет хореографы дарынды Ролан Пети бас кейіпкер Квазимодо рөлін өзі сомдаған. Міне, бүгін «Астана Опера» әртістері петерборлықтарға дәл осы балетті сыйға тартты. Туынды аты аңызға айналған Мариинский театрының жаңа сахнасында қойылды.

Балет сыншылары бұл спектакльды өткен ғасырдың ең күрделі қойылымы деп санайды. Сонымен бірге балеттің ерекше хореографиясы әлі күнге дейін жаңашылдығы мен маңыздылығын жойған жоқ.

Бақтияр Адамжан, «Астана Опера» театрының жетекші солисі:

- Бәріміз тек қана пластикамен, тек қана өзіміздің актерлік шеберлігімізбен көрсетеміз. Ол іс-қимыл болсын, көзқарасымыз болсын, ішкі дүниені, мысалы, Эсмеральдаға деген махаббатты білдіргеніміздің бәрі қатты гримге жүгінбей, өзіміздің пластикалық, актерлік шеберлігімізбен шығарғандықтан, мен үшін бұл рөл өте қызық.

«Астана Опера» театрын петербурктік қауым ерекше ықыласпен қарсы алды. Себебі қазақстандық өнер ұжымы Петербург тұрғындарына танымал. Осыдан үш жыл бұрын олар Мариинский театрының негізгі сахнасында «Біржан-Сара» мен «Аттила» операларын қойып, құрметке бөленген.

Ольга Розанова, балет сыншысы:

- Керемет дарынды солистер. Сонымен бірге кордебалеттің рөлі бас кейіпкерлердің партиясынан кем емес. Балет хореографиясы аса күрделі. Кордебалет болса, біртұтас ағза секілді қимылдайды. Әр әртістің шынайы орындауына, қойылым техникасының шеберлігіне өз басым тәнті болдым.

Тамара Карапетян, көрермен:

- Тамаша. «Ла Скала» қойылымымен салыстыруға да болады. «Астана Операның» келгеніне рақмет. Бірнеше жыл бұрын осында қойылған «Аттила» операсы әлі есімде. Осы театрды жиірек көргіміз келеді.

«Астана Операның» бұл сапары ЕХРО-2017 көрмесінің аясында жүзеге асты. Өз кезегінде әйгілі Ресей театры Астанада өтетін халықаралық көрме кезінде елордамызда Вердидің «Симон Бокканегра» операсы мен Мендельсонның «Жазғы түндегі ұйқы» балетін ұсынатын болды.

Авторлары: Дана Нұржан, Тимур Алтынбаев

Хабар 24 телеарнасы