425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақ қардан медаль терген күн

  • 2564

Универсиаданың төртінші күнінің нәтижесі бойынша Қазақстан қоржынында 15 жүлде бар.

Бұл ел тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.

Біздің спортшылар 28-ші қысқы Универсиаданың төртінші жарыс күнінде кеңінен көсілді деуге негіз бар. Сынға түскен қыз-жігіттер көсіп-көсіп медаль алды. Бөсіп-бөсіп алуға да болады ендеше. Фристайлдағы могулда Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхардтың мықты екені анық қой. Студенттер жарысы емес, анау олимпиаданың өзінде де жүлдеге жақын жүретін. Қазақ елінде өткен кешенді сында білгенінен жаңыла ма, өнерінен аянбады. Шаңғыны іліп алып, көкке қарғыды, ауада өрнек салып жерге түсті. Және бір-бір алтын медаль іле түсті. Жиған ұпай санын тізіп жатпадық. Қарсыластарынан қара үзіп кеткенін тілге тиек етейік. Екеуі де ентігін баспастан тілшілерге қарай құстай ұшты. Ақжарма тілегін айту үшін. Айтпақшы, ерлер могулында қола медаль алған Дмитрий Колмаковты құттықтап үлгерді.

Дмитрий Рейхард, Универсиада чемпионы:

- Біз осы жарысқа әбден дайындалдық. Әлем кубогы жолындағы жарыста шыңдалдық. Шелектеп тер төктік. Енді, міне, бейнеттің өтеуін көріп отырмыз.

Юлия Галышева, Универсиада чемпионы:

- Испанияда чемпион атандық қой. Өз жеріңде жеңіске жетудің жөні басқа. Қуанышымда шек жоқ. Алда жарыстар күтіп тұр. Енді соған дайындаламыз.

Галина Вишневская. Қазақ биатлонындағы жарық жұлдыз. Ванкувер Олимпидасының алдында өзінің талант екенін танытқан Семей қызы сол кезде-ақ мамандар назарына ілінген. Жылдам жүгіретін, мылтық кезенсе мүлт кетпейтін Галинаның қарымын жаттықтырушылар бірден байқады. Міне, араға жылдар салып Вишневская тұтас елдің мерейін асырып отыр. Бұл үлкен табыстың басы ғана. Бағы жанып, бабынан таймаса, Галина Вишневская әлі талай биіктерді бағындырады. Универсиада бағдарламасына енген қысқа қашықтықта ұшқырлық танытқан Вишневская жеті жарым шақырымда ширақ жүгірді. Нысана көздеуде де мергендік танытты. Өзін өкшелеп келе жатқан украиналық Яна Бондарь мен Ресей қызы Анастасия Егоровадан озып, алтын медаль иегері атанды. Ерлер спринтінде Роман Ереминнің үшінші орын алғанын да айта кетейік.

Галина Вишневская, Универсиада чемпионы:

- Жарыс алдында қатты қобалжыдым. Өйткені алғашқы жарыста қателіктер жіберіп, екінші келдім ғой. Осы жолы біршама жинақы өнер көрсеттім, нәтижесі сіздерге мәлім.

Шаңғышылар да қысқа қашықтықта чемпион атанған қыз-жігіттерге жүлде үлестірді. Классикалық жүрісті қапысыз меңгерген он сегіз жастағы Иван Люфт алтын медаль иегері атанды. Оның командалас достары әрі басты қарсыластары Олжас Климин мен Александр Малышев те талайға дейін топ жарудан күдер үзген жоқ. Бірақ медаль бөлісіне Ресей шаңғышылары арласып, Владимир Фролов пен Егор Березин, Юрий Гаврилов талайға дейін алда жүрді. Люфт мықты екен, бұрылыстардың бірінде әлгі үшеудің алдын орады. Нәтижесінде Иван жеңіске жетіп, Фролов екінші орынды қанағат тұтты. Березин қола жүлдегер. Қазақстандық Олжас Климин төртінші. Александр Малышев алтыншы орынға тұрақтады. Қыздар арасындағы спринтте Анна Стоян қола жүлдегер атанғанын да естеріңізге салайық.

Иван Люфт, Универсиада чемпионы:

- Жеңіске жететініме сенімді болдым. Жігер таныту керек деген. Шама келгенше жаттықтырушылар нұсқауын орындауға тырыстым.

Екатерина Айдова өзін еркін сезінетін бес жүз метрлікте жүлдеге сәл жетпей тоқтады. Ұшқыр қыздың медаль ұстанар тұсы осы еді. Бірақ сәл сылбыр жүгіріп, негізгі қарсыластары саналған кәріс Ким Хен Юн мен Ресей қызы Александра Качуркинадан қалып қойды. Жапон спортшысы Ариса Цзюдзимото да жүйрік екен, екінші орынға табан тіреді. Ким чемпион, Качуркина қола жүлдегер. 500 метрді 39,36 секундта өткен Айдова тек төртінші орын иеленді.

Мәнерлеп сырғанаудағы мықтымыз Айза Мамбекова еді ғой. Кешегі қысқа бағдарламадан кейін 16-орын алған спортшы қыз мұз үстінде билеуді бір кісідей меңгерген. Бағдарламасын ұлттық реңге бояған, дала сазына билеген Айзаның атасы Бағдат Жандосай Мамбеков қолымен сурет салса, немересі Айза мұздағы биімен мамандар көңілінен шықты. Рас, бұл жолы жүлде Ресей қыздарына бұйырды. Елизавета Туктамышова топ жарса, Елена Родионова екінші орынға тұрақтады. Біздің Жансая Адыханова мен Вероника Шевелева де өз өнерлерін паш етті.

Авторы: Амангелді Сейітхан

Хабар 24 телеарнасы