383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Димаш Құдайберген Қытайдағы ән байқауының үшінші турында III орын алды

  • 1589
  • UPD: 22:44, 04.02.2017

Қытайдағы ән байқауында өнер көрсетіп жатқан қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенов үшінші турда үшінші орыннан көрінді.

Алайда оның танымалдылығы Қытай елінде күннен күнге артып келеді. Жергілікті компаниялар қазірдің өзінде өнерпазбен келісім-шартқа отырып, жұмыс істеуге ниетті. Ал қытайлық әншілер дуэт құрып, ән айтудан дәмелі. Бұл туралы біздің тілшімізге сұхбат берген әншінің продюсері Алпамыс Шәрімов айтты.

Бойжеткендер махаббатына бөленген әншінің басы бақыттан айналып тұр. Қаумалаған қыздарға қолтаңба тарату. Жарқ-жұрқ еткен фотоаппараттар. Ерекше көңіл-күй. Нағыз жұлдыздың өмірі осындай. Бір қаладан екінші қалаға бара жатқан Димаш Құдайбергенді жақсы көретін тыңдармандары ізінен қалар емес. Тіпті ол отыратын ұшаққа да билет алатын нағыз табынушылары пайда болды. Қалың Қытайды өнерімен қайран қалдырған қаршадай қазақ баласының бүгіні осындай.

Алпамыс  Шаримов, әншінің продюсері:

- Кинолардан көреміз ғой. Ұйықтаймыз да, таңертең тұрғанда жұлдыз болып кететін. Тура сондай жағдай, ол өмірде шынайы болады екен. Біз Бейжің мен Чанша қаласының арасына қатынасып тұрамыз. Соңғы кезде Димаштың рейсін біліп алып, сол ұшаққа билет алып бірге ұшатын жанкүйерлері бар.

Димаштың фанаттары сезімге толы хат жолдап, түрлі сыйлықтар беретін болған. Ал үлкен-кіші компаниялар әншінің есімін пайдаланып, өз өнімдерін жарнамалап жатыр. Қытайдың белгілі телефон құрастыратын компаниясы соңғы шыққан өніміне Димаш Құдайбергеннің қолтаңбасын бастырып, ықылас білдірді. Сыйға тартты. Кәсіпке бейім саудагарлер де қарап қалған жоқ. Миллиондаған жанкүйерлерге өз тауарларын тықпалауда. Міне, «Димаштікіндей қара күрдеше сатып алыңыз» дейді. Интернет дүкенде қазақ баласының бейнесі бар плакаттар, қолтаңбасы қойылған фотосуреттер, жастықшалар, әшекей бұйымдар, кәдесыйлар толып тұр.

Ли Чжао, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Димаштың ән салу мәнері кімді де болса таң қалдырмай қоймайды. Шынымен нағыз жұлдыз болуға лайық жан. Біз отбасымызбен оған жанкүйерміз.

Байқау сәуір айына дейін созылады. Алдын ала жазылатын бағдарламаның төртінші туры да эфирге дайын. Тек ақтық сын тікелей эфирден көрсетіліп, жеңімпазды дауыс беру арқылы халық анықтайды. Әншінің продюсері Алпамыс Шаримовтың айтуынша, жеңіп шығу мақсат емес. Ең бастысы жоспар орындалды. Димаштың дара дауысын миллиардтар елі ғана емес, әлем ести бастады. Ұтымды ұсыныстар жетерлік.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы