386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақ музыкасы Grammy жүлдесіне ұсынылуы мүмкін

  • 1144
  • UPD: 18:28, 17.02.2017

Қытайда өтіп жатқан ән байқауында тағы бір қазақ әншісі Арай Айдархан бақ сынасып жатыр.

«Табиғат үні» деп аталатын байқаудың талабы бойынша тек ұлттық, фольклорлық ән орындалуы шарт. Көрерменнің көп даусына ие болған жеңімпаздың үш шығармасы америкалық дыбыс жазу академиясының Grammy сыйлығынан үміткер болады.

Қытайдың шоу-бизнес әлемінде қазақ өнерпаздарының жұлдызы жанып тұр. «Мен – әншімін» байқауында Димаш Құдайбергенов қытай тыңдармандарын тамсандырып жатқанда, тағы бір өнерпаз Арай Айдархан «Табиғат үні» деп аталатын бағдарламада бақ сынады. Бұл байқау халықтық, фолк-музыка орындаушылары арасында өткізіледі. Оны «Фуцзянь» спутниктік телеарнасы көрсетеді. Төртінші кезеңде Арай Айдархан «Бақсының жаңбыр шақыруы» деп аталатын туындыны таңдады. Әнші бұл шығарманы қазақстандық белгілі этнотоп Роксонакидің сүйемелдеуімен орындады. Қытайдағы қандасымызды қолдау үшін қазақстандық өнерпаздар Алматыдан арнайы келген.

Арай Айдархан, жобаға қатысушы:

- Мысалы, Асан қайғының, Бұқар жыраудың жырлары дейді, көптеген ақыл-дастандар бар. Сол ақылиядардың ішінен бір үзінді алып, «ұл 15-ке келгенше қолыңдағы қобызың, ұл 15-тен асқан соң, тіл алмаса, доңызың, ұрысқақ болса ұлың жау, керіскек болса келін жау» деген сияқты сөздерді рок-н-ролл стилінде халыққа паш еттік.

«Табиғат үні» байқауында барлығы 50-ге жуық халықтық шығарма бәсекеге түседі. Үздік үш ән әйгілі АҚШ-тың музыкалық сыйлығы Grammy-ге үміткер болады. Оны осындағы қытайлық көрермен дауыс беру арқылы анықтайды. Арай Айдархан бұған дейін «Самал тау», «Әже» және «Терме» сияқты туындыларын орындады. Оның әндерін қалың көрермен қошеметпен қабылдады. Жергілікті өнерпаздар да қазақ әншілерінің Қытай сахнасында өз орны бар екенін айтады.

Сыцин Гэжилэ, Қытайдың белгілі әншісі:

- Қытайда қазақ әншілерінің танымалдығы артып келеді. Бұл – ұлттық өнерді насихаттуда өте жақсы мүмкіндік. Арай сияқты талантты музыкантпен бір байқауға қатысып жатқаныма қуаныштымын.

Арай Айдархан есімі қытайлық көрерменге жақсы таныс. Осындағы бірнеше музыкалық байқауға қатысып жүлдегер атанған. 2013 жылы Chinese Idol бағдарламасында үздік бес орындаушының бірі болды.

Авторлары: Н.Бекен, Ж.Сүй

Хабар 24 телеарнасы