388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Құрманғазы атындағы оркестр Болгарияда өнер көрсетті

  • 1068
  • UPD: 16:14, 24.03.2017

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Болгарияда өнер көрсетті.

Талантты ұжым ұлы дала әуенімен тыңдарманды тәнті етті. Әсірісе Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызының өнеріне көпшілік таңдай қақты. Біздің Еуропадағы меншікті тілшіміз Шолпан Найманбаева да осы концертті тамашалады.

Шолпан Найманбаева, (Twitter @Sholpan24kz) тілші:

- Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрі АҚШ, Германия, Австрия және Қытай сахнасында өнер көрсетті. Ал Болгарияға алғашқы гастрольдік сапары. Атақты өнер ұжымын көрермендер де тағатсыздана күтті. Орындаушылар да барын салды.

Концерт бағдарламасы 20 туындыдан тұрады. Кеште халық әуендері, күй және әлемдік классика да шырқалды. Қазақтың ұлттық аспаптарында орындалған Штраус, Бизе, Вивальдидің туындылары көрермендерді бей-жай қалдырмағаны анық. Ал домбыра мен қылқобыздың үні София тұрғындарының есінде көпке дейін сақталары анық.

Симеон Сакскобургготски, Болгария Республикасының премьер-министрі (2001-2005):

- Қазақ халқының түрлі музыкасы мен аспаптары мен үшін үлкен әсер қалдырды. Әсіресе таңқалдырғаны домбыра. Бұл аспапта тек екі ішек қана бар. Меніңше, концерт жоғары деңгейде өтті. Көп рахмет.

Концертте елге ұнаған әннің бірі – «Болгар розасы». Әйгілі әнді Жеңіс Ысқақова нақышына келтіре орындағаны сонша, көрермендер іштен тынып, аяқталғанда ұзақ қол шапалақтап, разы болды. Көрермендердің айтуынша, болгар әні оларға үшін тосын сый болды.

Жеңіс Ысқақова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

- «Болгарская роза» деген ән бүкіл халық біледі екен. Сол ән біздің «Атамекен», «Менің Қазақстаным» сияқты ән екен. Содан онда сол мемлекеттің төлқұжатына айналған әнді орындау керек болғандықтан, біз осы әнді үйрендік. Бұл әнді тез үйрендім. Бүкіл залда отырған болгар халқының осы әнді шын жүрегімен, ыстық ықыласымен тыңдағанын қатты сезіндім.

Қазақстан мен Болгария сенімді дос әрі серіктес. Биыл екі ел дипломатиялық қарым қатынастың орнағанына 25 жыл толуын тойлауда.

Ради Найденов, Болгария Республикасының Сыртқы істер министрі:

- Мен оркестр мен оның құрамына таң қалдым. Бізде ұмытылмастай естеліктер қалды. Рахмет. Мен Қазақстан халқын біздің елімізбен дипломатиялық қарым қатынасының 25 жыл толуымен құттықтаймын. Болгария мен Қазақстанның екіжақты байланысы өте жоғары деңгейде. Мен олардың одан әрі дамығанын қалаймын.

Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің Болгариядағы гастрольдік сапарында залда ине шаншар орын қалмады. Қазақстандық музыканттар Пловдив және Софияда өнер көрсетті. Келесі концерт Варна қаласында өтетін болады.

Нұрғиса Дауешов, Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің директоры:

- Халықтың ыстық ықыласы ол Қазақстанның мәдениетіне деген үлкен жоғары баға деп білеміз. Әрқашан Құрманғазы оркестірінің әртістері біздің солистеріміз қазақ мәдениетін әлемде жоғарғы деңгейде көрсету үшін тынбай атсалысып келеді. Енді болашақта қазақтың музыкасын әлемге танытамыз деп отырмыз. Сондықтан халықаралық деңгейде концертіміз болады деген сенімдемін. Соған жоспарларымыз бар.

Қазақтың музыкасы талғамы жоғары шетелдік көрермендерді таңдай қақтырды. Енді EXPO көрмесіне келген қонақтар, қазақ өнерімен одан әрі танысуға құмартатыны анық. Халықаралық шарада Құрманғазы оркестрі концерт беруді жоспарлап отыр.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы