386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы республикалық корей театры Наурыз мейрамын атап өтті

  • 588
  • UPD: 18:35, 25.03.2017

Жақында ғана академиялық театр дәрежесін алған Алматыдағы республикалық корей театры екі қуанышты оқиғаны қатар атап өтті.

Қазақ жерінде тұрып жатқан барлық ұлт өкілімен бірге Наурыз мейрамы бұл театрда жылда тойланады. Мерекеде өнер ұжымы көрермендеріне жаңа қойылым әзірлепті. Қазақ ауылында думанды той, көтеріңкі көңіл күй. Театр әртістері қонақтарды қарсы алып, абыр сабыр болып жатыр. Күн мен түннің теңеліп, жыл басы саналатын Наурызды бірге тойлауға әртістердің жора-жолдастары мен туыстары, тұрақты көрермендері жиналған. Сахнада қазақ, орыс, кәріс тілдерінде ән шырқалуда. Мерекеге келгендердің барлығы да өз өнерлерін көрсетіп жатыр.

Марик Қошабаев, көрермен:

- Мен осы кәріс театры ұжымының Наурыз мерекесіне жылда қатысамын. Мүмкіндігім болған кезде осында жиі келуге тырысамыз. Бұл ұжым әрдайым мерекеге арнайы жаңа қойылымдар әзірлеп, көрермендерге ерекше сый жасап жатады. Менің ойымша, біздің елдегі ұлтаралық татулық, түсіністік әр ұлттың мәдениеті мен салт дәстүрін құрметтеп, оны тани білуде.

Той өтіп жатқан ауылға Алдар көсе келді. Жұрт мерекеге дайындалып жатқанда ол айласын асырып, шық бермес Шығайбайдың құпиясын ашып, бай әйелінің өтірігін әшкерелеп қойды. Ал сұлу бойжеткеннің сүйіктісіне қосылуына көмектесіп үлгерді. Бұл сахнада қашанда әділдіктің туы биік, сенім мен серттің, қуаныштың барлық халыққа ортақ екенін көрсетті.

Любовь Ни, республикалық мемлекеттік академиялық кәріс театрының директоры:

- Мұнда барлық ұлт өкілдері өз тілінде ән айтып, ұлттық билерін билеп жатыр. Оның барлығы біздің ортақ шаңырағымыз, Қазақстанның жетістігі, баға жетпес құндылығы. Бұл шағын ғана жобамызда еліміздің жан-жақты екенін көрсеткіміз келді.

Театр ұжымы үшін биыл айшықты оқиғалар көп болғалы тұр. Ол біріншіден, Астанада өтетін ЭКСПО алаңында өнер көрсету. Сондай-ақ, биыл өнер ошағының 85 жылдық мерейтойы, Қазақстан атынан Ұлыбританияда болатын театрлар байқауына қатысу.

Авторлары: Жандос Айтбай, Татьяна Напольская, Валентин Лобанов.

Хабар 24 телеарнасы