Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 95
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 74
389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Мимино» көркем фильміне 40 жыл

  • 687
  • UPD: 09:46, 30.03.2017

Осыдан 40 жыл бұрын Телави қаласында «Мимино» фильмінің түсірілімі басталған еді.

Телави қаласындағы бұл аумақты әуежай қызметкерлері тарихи орын санайды. Себебі 40 жыл бұрын дәл осы жерде «Мимино» фильмінің түсірілімі басталған еді. Қанша жыл өтсе де көркем фильмдегі таныс көріністер мен Гиви Иваныч отырған орындық әлі тұр. Қазір әуежай атақты фильмнің атымен аталады. Мұнда келген кез келген адам кино әлеміне еніп, басты рольдегі ұшқыш Валико Мизандариді сомдай алады. Алайда ұшақты тәжірибелі мамандар жүргізеді.

Бондо Бузаладзе «Мимино» әуежайының инженер-ұшқышы:

- Бұл жерде фильмнің негізгі көріністері түсірілген. Сосын «Миминоның» қалған эпизодтары Мәскеуде жалғасты. Мұнда киноның басты қаһарманы Валико жұмыс істеді. Осы жерде тікұшақтар қонатын әуежайдың болғаны рас. Олар таулы аймақтарға азық-түлік пен хат-хабар таситын еді. Сондықтан фильмде көрсетілген оқиғалар өмірден алынған.

Грузияның шалғай аймағындағы ұшқыш үлкен авиацияны меңгерсем деген арманмен Мәскеуге сапар шегеді. Көп кедергілер мен тосқауылдарға қарамастан «Мимино» мақсатына қол жеткізеді. Алайда туған елге деген сағыныштан сарғайған ол өз ауылына қайтып оралады. Осы бір қарапайым оқиғадан режиссер Георгий Данелия қайталанбас туынды жасап шықты. Басты рольдегі Валико мен Рубик заманында тұтас кеңес одағы таныды. Тіпті олардың кейбір сөздері халық арасында мәтелге айналып кетті.

Вахтанг Кикабидзе, актер:

- «Мимино» фильмінің осы уақытқа дейін қатардан қалмайтынын ойламаппын. Көпшілік оны әлі күнге сатып алып, өздерімен бірге алып кетеді. Мальтада жүргенде бір дүкенге бас сұққан едім. Алдымнан шыққан сатушы «Мимино», - деді. Таң-тамаша қалып, шалқамнан түсе жаздадым.

Фильмді түсіру кезінде ойға алған жоспарлардың біршамасы жүзеге аспай қалды. Мысалы, армян Рубиктің орнына Евгений Леонов сомдайтын тбилисилік орыс болуы керек еді. Алайда цензурашылар бұл образды қажет деп таппай, сценарий қайта жазылады. «Бұл өте аянышты фильм», - дейді Вахтанг Константинович. Оны көркем туындыдағы әннен де байқауға болады.

Вахтанг Кикабидзе, актер:

- Бұрынғы кеңестер одағында бұл әнді бәрі біледі. Бірақ мағынасын түсінбейді. Өте мұңды әуен. Жалпы біздің грузиндердің поэзиясы қызық. Бұл әнде мынадай өлең жолдары бар: «Мен қуанышта да ән салам, қайғыда да ән салам. Егер аққу әнінен аққу да өлсе, онда өлеңмен бірге мен өлейін».

Фильмнің басты кейіпкерлері Рубик Хачикян, Иван Волохов, Валико Мизандари және режиссер Георгий ДанЕлияға қойылған қола мүсінді Тбилисидің тарихи орталығынан көруге болады. Мұндай мүсін Арменияның Дилижан қаласында да бар. Ол жергілікті бұлақтың қасында тұр. Оның да өз себебі бар.

1977 жылы түсірілген көркем туындының тақырыбы қазір де өзектілігін жойған жоқ. Кинодағы достық қарым-қатынас, игі іс пен туған елге деген махаббат адам баласымен мәңгі жасайтын құндылықтар. «Мимино» кеңес киносының өлмес туындысына айналғанын осыдан бағамдауға болады.

Авторлары: Қанат Базылхан, Анна Анастасиади, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы