379,75 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Димаш Құдайберген ақтық сында Қытайдың «Леди Гагасымен» бірге ән айтады Featured

  • 1479

Ертең Хуанань телеарнасындағы «Мен әншімін» бағдарламасының финалы.

Тартысты өткен байқаудың шешуші кезеңінде 7 әнші бақ сынайды. Ақтық сынға жеткен Димаш Құдайберген қытайлық танымал әнші Шан Вэньцземен өнер көрсетеді.

«Соңғы үш айдан бері қазақстандықтар «Чанша», «Хунань ТВ», «Димаши» деген сөздерді жиі еститін болды. Хунань провинциясының әкімшілік орталығы – Чаншада Қытай көсемі Мао Цзэдунның саяси мансабы басталған. Мынау – соның құрметіне қойылған құны 35 млн долларға шыққан, биіктігі 32 метрлік қызыл граниттан жасалған ескерткіш. Дәл осы елді мекенде қазақтың Димашының дауысы миллиардқа танылды.

67 млн тұрғыны бар Хунань провинциясында 20 телеарна жұмыс істейді. Соның ішінде таралымы мен рейтингі жағынан озық тұрғаны – «Хунань» телеарнасы. 19 мың адам еңбек ететін ақпарат құралы негізінен ойын-сауық бағдарлама түсіреді. Тек Димаш қатысып жатқан «Мен әншімін» байқауының бюджеті 30 миллион долларға жуық.

Димаш ақтық сынға дайындығын пысықтап жатыр. Финалда Қытайдың «Леди Гагасы» саналатын Шан Вэньцземен саxнаға шығады. Олар Майкл Джексонның әлемге танымал әндерін айтады. Earth Song және Dangerous xитін қосып, микс жасаған. 2006 жылы осы телеарнада «Супер гёрлз» байқауында жеңіп шыққан Шан Вэньцзе Димаштың саxнадағы энергетикасы өте күшті деп бағалайды.

Шан Вэньцзе, әнші:

- Димаш – музыка саласына төңкеріс әкелген талантты әнші. Оның музыкалық біліміне таңдай қақпасқа амалым жоқ. Оның бойындағы энергияны бұрын-соңды сезген емеспін. Әрине, Димаштың отаны Қазақстан. Оны мәпелеп өсірген жер Қазақстан. Дегенмен мұндай дарынды әншіге Қытайда үлкен саxна бар, оның миллиондаған тыңдарманы да осында. Біз Димашпен бірлесіп, Қытайда үлкен жобаларды жүзеге асырсақ дейміз.

«Байқаудың финалында осал әнші жоқ. Дегенмен біз жеңу үшін сахнаға шығамыз», – дейді Шан. Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері де «ән патшасы» атағына, қазақстандық әнші лайық деп санайды. Біз фанаттардан бөлек, Чанша көшесіне шығып, халықтың пікірін сұрадық.

Нұрбек Бекен, «Хабар 24» арнасының Қытайдағы тілшісі:

- Сәлеметсіз бе, біз «Хабар 24» телеарнасынан едік. Сіздің пікіріңізді білсек дейміз. Димаштың байқауда жеңімпаз атануға мүмкіндігі бар ма?

Чанша тұрғыны:

- Димаш Қытай сахнасында пайда болғалы «үлкен жарылыс» жасады. Бірден көрермендерді баурап, ән айту мәнерімен ерекше көзге түсті. Оның бірінші орын алатынына еш күмәнім жоқ. Ол қытай әндерін шырқауда жаңа бағыт әкелді. Бұл жергілікті тыңдарман үшін тосын сый болды.

Жеңімпаз ертең белгілі болады. Байқауды басынан аяқ тамашалап келе жатқан 500 көрермен дауыс беру арқылы «ән патшасын» анықтайды. Оларды ұйымдастырушылар интернеттен арнайы сауалнама арқылы іріктеп алған. Дауыс беретін көрерменнің қандай да бір әншіге бүйрегі бұрмайтыны, тәуелсіз пікір айтатынын таңдаған. Арасында әншіге сауатты баға бере алатын кәсіби мамандар да бар.

Авторлары: Н.Бекен, Ж.Сүй

Хабар 24 телеарнасы