376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытай халқы қазақстандық әртістердің өнеріне тәнті болды

  • 951
  • UPD: 19:24, 18.04.2017

«Нұрлы Жібек жолындағы қауышу».

Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі мен Қытайдың мәдениет министрлігі Бейжіңде осындай атаумен концерт ұйымдастырды. Оған Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева, опера әнші Майра Мұхамедқызы, «Шат» фольклорлық ансамблі мен Димаш Құдайберген қатысты. Мерекелік кеш екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың 25 жылдығына арналды.

Әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсақожаеваның шығармашылығы қытайлық өнерсүйер қауымына жақсы таныс. Бұл жолы да мерекелік концертті тамашалай келген қауым үлкен қошемет көрсетті. Қазақстандық әртістер бірінші рет Қытайдың ұлттық телевизия және радиосының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. «Абай» операсынан бастап әлемдік классиканың үздік шығармалары орындалды.

Айман Мұсақожаева, ҚР халық әртісі:

- Бәріміз осы концертке қатысып, өте ризамыз, өте бақыттымыз. Сол концертімізді Қытай мен Қазақстанның дипломатиялық қатынасына 25 жыл толуына арнаймыз.

Бейжің ұлттар университетінің Музыка факультеті және Бейжің  консерваториясында білім алған Майра Мұхамедқызы да өз өнерімен қалың көрерменнің қошеметіне бөленді. Әсіресе қытайлықтарға «Уо ай ни» шығармасы қатты ұнады. Сонымен бірге «Шат» фольклорлық ансамблі, баритон Азат Мәлік те өнерімен тәнті етті.

Ван Шимэнь, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Мен қазақ әндерімен бұрыннан таныспын. Бүгін қазақстандық скрипкашы өнер көрсететінін біліп, арнайы келдім. Концерт қатты ұнады. Димашты бұл концертте көргеніме қуанып тұрмын.

Димаш Құдайберген мерекелік кеште ағылшын және қытай тілдерінде екі ән орындады. Тағы да қошемет, ыстық ықылас.  

Сия Мэй, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Бүгінгі концерт өте жоғары деңгейде өтті, маған қатты ұнады. Қазақстандық өнерпаздардың өнеріне тәнті болдым. Димашты да осы концертте көруге мүмкіндік алдық, менің қуанышымда шек жоқ. Себебі мен Димаштың табынушыларының бірімін.

Қазақтың өнер тарландарының шеберлігіне тәнті болған көрермен ақ тілегін жаудырды. Құшақ тола гүл сыйлап, естелік суретке түсті. Қолтаңба алуға асықты. «Ең бастысы, бұл концерттен рухани азық алып, керемет демалдық», - дейді.

 Авторлары: Н.Б, Ж.С

Хабар 24 телеарнасы