386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қазақстан» орталық концерт залында Д.Құдайбергеновті қарсы алу шарасы өтті

  • 1436
  • UPD: 22:25, 25.04.2017

Дүние дидарындағы - Димаш!

Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Димаш Құдайбергеновке құрмет көрсету рәсімі өтті. Қытайдағы «Мен әншімін» атты жаһандық жарыста топ жарған Ұлы даланың ұланы миллиондарды тәнті етті. Көрермен көзайымына айналған Димашты елі ерекше құрмет, ыстық ықыласпен қарсы алды. Қаумалаған қалың жұрт қолтаңба алып, суретке түсуге асық. Бұл кездесуді көпшілік көптен күтті. Өздеріңіз көргендей арнайы қызыл кілем Димаш үшін төселді. Қытайдан оралған қандасымызды көруге, қарсы алуға көпшілік қарасы көп. Студенттердің дайындаған өз сыйы бар. Жүзге жуық жас «Димаштың» есімін жүрекпен бейнелеп, ол орындаған әсем әнді шырқады. Орталық концерт залында ине шаншар жер қалған жоқ. Есікке ентелеп, ішке сыймай қалғандары қаншама?! Димаш өз елінің мұндай құрмет-қошеметін зор ықыласпен қабылдады. Кешегі Әміренің жолын жалғаған күміс көмей Дүлдүл Димаш Қытайдағы «Мен әншімін» байқауы арқылы қазақ атын әлемге әйгіледі. Жарыста екінші орын алғанымен соның өзі толағай жеңіспен пара-пар. «Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады». Димаштың өмір мен өнердегі ең басты жанкүйерлері ата-анасы да елден ерек мәре-сәре болып жүр.

Қанат Айтбаев, Димаштың әкесі:

- Өнер адамын өсіретін, қанаттандыратын халықтың ықыласы ғой. Сондықтан тақымын қысып, өз отбасының баласындай үлкен қолдау білдіріп отырған барлық біздің елімізге, халқымызға үлкен алғыс айтамыз!

Бұл кеш Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Шараның басты қонақтары Димаштың ата-әжесі де сахна төріне шақырылды. Жібек шапан жабылып, сый-сыйапат берілді. Димаш енді тек бір әулеттің ғана емес, ұлт пен жұрттың ұлағатты ұлына айналды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Әр кезде өзіміз Қазақстанмен, елмен бірге бөліскіміз келеді. Сол себепті біз арнайы ұйымдастырып, Димаш өзі де білсін халықтың қалай жақсы көретіні, екінші шетінен міне халыққа да көрсетіп міне біздің келген жеңімпазымызға ұйымдастырылған кеш.

Керемет кешке келген өнерсүйер қауым әуезді әннің ырғағына тербелді. Димаш бағындырған бұл белес қазақ елінің де үлкен жеңісі!

 

Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Бақтияр Рзаев.

Хабар 24 телеарнасы