383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана әкімінің орынбасары «Жас қанат» байқауының қатысушыларымен кездесті

  • 565
  • UPD: 09:34, 15.05.2017
Астана әкімінің орынбасары «Жас қанат» байқауының қатысушыларымен кездесті

Бүгін елорда әкімдігінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жас орындаушылардың жыл сайынғы «Жас қанат-2017» байқауына қатысушылармен жүздесті.

Айта кетейік, мұндай кездесулер игі дәстүрге айналды. Биыл ХХVІ «Жас қанат» байқауы өткізіледі. Кездесу барысында жас орындаушылар байқауда алған әсерлерімен, жоспарларымен бөлісті.

Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы өткізіліп келе жатқан «Жас қанат» байқауы өткен жылы өзінің 25 жылдығын атап өтті. Аталған байқау көптеген жас орындаушылардың жолын ашты, бүгінде олар миллиондаған көрерменнің көзайымына айналды. Атап айтқанда, Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Нұрлан Абдуллин, «Үркер» тобы, Бақыт Шадаева, Жанар Доғалова, Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, «MeloMen» тобы, Құрмаш Маханов, Сәкен Майғазиев, Гауһар Қаспакова, Жанна Саттарова, Алтынай Жорабаева, Жанна Орынбасарова, Нұрлан Албан, Бейбіт Қорған, Гүлнұр Оразымбетова сынды әншілер бүгінде елге танымал.

«Жиырма алтыншы байқау және әр жолы жаңа. Халық алдына шығу үшін жас орындаушылардың репертуарын жасап, сапалы әрлеу керек. Бір жағынан байқау мүмкіндік береді, оны қалай пайдаланасың? Ертең ұйқыдан көз ашқанда, жарық та, қошемет те болмайды. Осы кезде өмірлеріңдегі байқау басталады. Басты байқау «Жас қанат» емес, одан кейінгі өмір болады. Бұл үлкен мектеп», – деді байқаудың бас продюсері Мұрат Иргалиев.

Айта кетейік, 2012 жылы байқаудың бас жүлдесін Димаш Құдайбергенов иеленді. Сол кездегі бала Димаш бүгінде Қытайда өткен әлемге аты шулы «I am a Singer» байқауына қатысып, төрткүл дүниеге танылды. Димаштың әкесі Қанат Айтбаев құттықтауға жауап ретінде ұлының табысқа жетуінде «Жас қанаттың» да үлесі барын айтып, Мурат Иргалиевқа алғыс білдірді.

Бүгін байқаудың финалы өтеді. Кездесу соңында жас әншілер Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас» әнін бірге орындады. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 14 конкурсант қатысты. Ақтық сынға бесеуі өтті.

Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында «Жас қанат-2017» байқауының гала-концерті өтеді. Сонымен қатар «Арманға қадам» байқау ішіндегі байқау ұйымдастырылады, онда «Жас қанат-2018» байқауына қатысушылар анықталады.

astana.gov.kz

Хабар 24 телеарнасы