384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Алтын қанат» Мадияр Бақтияровқа бұйырды

  • 1585
  • UPD: 20:36, 14.05.2017

Елордадағы «Бейбітшілік және келісім сарайында» «Жас қанат» ән байқауының финалы өтті.

Екі бірдей іріктеу кезеңінен сүрінбеген бес үміткер сахнаға қайта шығып, қазыларға өз өнерлерін сынатты. Қазылар алқасын белгілі әнші Медеу Арынбаев басқарғанын айта кетейік. Үздік бестікке ілінгендер дайындығын сахна маңында да шыңдап жатты. Байқау болған соң мықтысы анықталады. Алғашқы әнімен жұртшылықты баурап алған павлодарлық Мадияр Бақтияров пен өзіндік орындаушылық шеберлігімен ерекшеленген қызылжарлық Бүркіт Жанай ә дегеннен топ бастады. Он алтыға биыл толатын алматылық Томирис Жанғазинованың да жанды дауыспен ән шырқағаны көпшілікке ұнады. Талдықорғаннан келген Әнел Смайлованың үнінде сарын бар екен. Біз атаған төрттік бірінен бірі мықты. Өскеменнен келген «IN KORO» тобы да «Тамшыларды» нақышына келтіріп орындады. Осы әнді алғаш ел алдында алып шыққан Медеу Арынбаев пен Ерлан Көкеев жас әріптестерінің шығармашылық шеберліктерін қалай бағалағаны белгісіз. Өскемендіктер «Қола қанат» иегерлері атанды. Күміс қанат Бүркіт Жанайға, бас жүлде, яғни «Алтын қанат» Мадияр Бақтияровқа бұйырды.

Бүркіт Жанай, «Жас Қанат» байқауының лауреаты:

- Осы жолы өту деңгейі өте жоғары. Барлық қатысушылар мықты. Барлығы жақсы дайындалып келген.

Томирис Жанғазинова, «Жас Қанат» байқауының дипломанты:

- Мен алдыңғы жылы «Арманға бір қадам» деген арнайы жобадан бас жүлдені жеңіп алып, сол арқылы «Жас қанатқа» өттім. «Жас қанат» маған үлкен тәжірибе береді. Көптеген достар таптым. Өзімді жақсы қырымнан таныдым. Өзімді сахнада қалай ұстайтынымды көріп, сахнада актерлік шеберлікті көрсету керек екеніне де көзім жетті.

Хабар 24 телеарнасы