389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бабалар ізімен» экспедициясы: А.Байтұрсынұлына қатысты мұрағаттық құжат табылды

  • 1132
  • UPD: 15:26, 18.05.2017

Орынбордағы мұрағатта Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлын полиция бақылауына алу туралы шыққан рапорт табылды. Бұл жаңалықпен «Бабалар ізімен» экспедициясының мүшелері бөлісті. Олар тарихи астанамыз болған шаһарды аралап, құнды ақпараттармен танысты.

Орынбор ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақ елінің алғашқы астанасы болды. Арада ғасыр өткенімен, Алаш арыстарының ізі қалған ғимараттар әлі күнге сақталған. Қаланың қақ ортасындағы мына сынын да, сырын да бұзбаған еңселі үйде 1917 жылы бүкіл қазақтық бірінші және екінші съездер өткен.

Юлия Куринкова, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Дәл осы съезде Алаш ордасы алғаш рет құрылды. Жиын ақпан және қазан төңкерістерінен кейін болған. Тарихи құжаттарға сүйенсек, кеңесте пікірлер қарама қайшылығы болған. Олар ортақ шешімге келудің жолын іздеген.

Ал бұл ғимаратта 1850-1857 жылдар аралығында ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин білім алған. Орынборда оқуын аяқтағаннан кейін ол Торғайда алғашқы мектеп ашқан еді. Әлі күнге дейін оқушылар тәрбиелейтін мекемеге қарама-қарсы үйде Алаш арысы Әлихан Бөкейханов тұрған екен.

Асқарбек Қазанғап, тілші:

- Орынборда өткен ғасырдың сырын ішіне бүккен, бой көтергеніне жүз жылдан асқан, бірақ әлі күнге дейін сақталған мынадай үйлер өте көп. Мәселен, Чичерина көшесіндегі мына үйде бес жыл бойына ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынов тұрған.

Ахмет Байтұрсыновқа қатысты тың құжатты шаһардағы шаң басқан мұрағаттан таптық. Бұл – 1910 жылы Байтұрсынов Орынборға келгенде оны полиция бақылуға алсын деген полицмейстердің рапорты. Бұдан бөлек, өткен тарихтан сыр шертетін құжаттар мұрағатта жетерлік.

Екатерина Кастцова, Орынбор мұрағатының қызметкері:

- Деректер өте көп. Мәселен, ең қызықты құжаттардың бірі – Орынбордың әскери губернаторы Перовскийдің Хиуа ханына жолдаған хаты. Ол қазақтарды тонауды тоқтатуды талап еткен. Сонымен қатар Ыбырай Алтынсарин шығарған газет сақталған.

Қазақ тарихына қатысты құнды құжаттарды май шаммен қарайтын болса, тың деректердің табылуы айғақ. «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақов: «Өткенімізді тереңнен қазбалау арқылы тарихтың жаңа көкжиегі көрінеді», – дейді.

Сапар Ысқақов, саяхатшы:

- Жастар, ғалымдар Алаш ордасының уақытын, Қазақ Республикасының орнаған уақытын тексереміз десе, осы архивке келіп, көп документтерді табуға болады екен. Соның біз бүгін куәгері болып тұрмыз.

Өткенін білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. «Бабалар ізімен» экспедициясы қазақ тарихына қатысты құнды мәліметтерді жинау үшін сапарын одан әрі жалғайды.

Автор: Асқарбек Қазанғап

Хабар 24 телеарнасы