377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Канн фестивалі аясында А.Мұсақожаева мен Д.Құдайберген концерт берді

  • 1416
  • UPD: 19:00, 20.05.2017

Биыл 70-мәрте ұйымдастырылған Канн кинофестивалінде алғаш рет Қазақстан павильоны ашылды.

Онда еліміздің аталған саладағы жетістіктері паш етіліп, ең үздік туындылары таныстырылды. Сол арқылы отандық режиссерлер әріптестік көкжиегін кеңейтіп, келелі келіссөз жүргізуге мүмкіндік алды.

Канн фестивалі әлемдік кино нарығындағы ең ауқымды шара. Сондықтан жаһан назары соңғы 10 күннен бері теңіз жағалауындағы шағын қалаға ауған. Онда 40 мемлекет 40-тан астам шатыр тіккен. Арасында қазақстандық делегация да бар. Бұл шара отандық жаңа фильмдер және жобаларды дамыту мақсатындағы кәсіби кездесулер мен келіссөздерге жол ашады әрі кино индустриясын дамытушы мемлекет ретінде еліміздің беделін жоғарылатып, саладағы әріптестікті арттырады.

Рашид Нұғманов, Ұлттық киноматографиялық өнер академиясының президенті:

– Қазақстандық киноларды әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие деп айту қиын. Дегенмен осындай фестивальдерде айрықша көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік туады. Шара кезінде ұйымдастырушылармен кездесіп, маңызды мәміле жасасып жатырмыз.

Биылғы Канн фестиваліндегі қысқаметражды фильмдер бағдарламасына отандық туындылар да ұсынылды. 7 бірдей шығармашылық еңбек іріктеу сынында жоғары бағаланып, келесі кезеңге өтті. Жалпы фестиваль тарихында жүлде алған қазақстандық режиссерлер де бар.

Ерлан Нұрмұхамбетов, режиссер:

Жүлде еншілесек, қуанышымыз еселей түсетіні анық. Себебі бұл тұтастай шығармашылық ұжымның еңбегі саналады.

Айта кетейік, Канн фестивалі кезінде Қазақстан павильоны салтанатты түрде ашылды. Содан соң Францияның Ұлттық киноматография орталығында жергілікті атқамінерлер біздің елдің делегациясына арнап, ресми қабылдау өткізді.

Айман Мұсақожаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры:

– Бүгін бізде Канн фестивалінің әкімімен кездесу болған. Сол Канн фестивалінің әкімі Қазақстанмен өте жақсы қарым-қатынасы бар екенін айтты. Ризамыз. Бақыттымыз.

Франсис Етьен, Қазақстан Республикасындағы Францияның Төтенше және өкілетті елшісі:

– Канн фестивалінің 70 жылдық мерейтойына Қазақстанның қатысуы – жоғары жетістік. Осыдан 26 жыл бұрын тәуелсіздік алған мемлекет әлі талай биікті бағындырады.

Өз кезегінде еліміздің делегациясы франциялық әріптестеріне Қазақстанға арнайы ат басын бұруды ұсынып, жақын арада Астанада өтетін «Еуразия» фестиваліне шақырды.

Асқар Баталов, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

Біздің елде өтетін фестивальді жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Сол арқылы мыңдаған турист тартуға болады.

Шара соңында Айман Мұсақожаева мен Димаш Құдайберген Канн қаласының өнерсүйер қауымына арнап, концерт берді. Қос дарын иесі жергілікті жұртты талантымен тәнті етіп, рухани ләззатқа бөледі.

Авторлары: Ермұхамед Мәулен, Рауан Мыңбаев, Юлия Гончар, Массимилиано Вольпе

Хабар 24 телеарнасы