384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бабалар ізімен» экспедициясы Құрманғазы жайлы құнды жәдігерлермен танысты

  • 1045
  • UPD: 13:23, 29.05.2017

Қазақтың музыка әлемінде есімі алтын әріппен жазылған күй атасы Құрманғазы туындылары – бүгінде үлкен мұра.

«Рухани жаңғыру» туралы мақаласында Елбасы «2017 жыл жер жүзіне мәдениет саласындағы қай жетістіктерімізді көрсете алатынымызды айқындап алатын жыл болады» деп еді. Сол сөздің жалғасы іспетті, «Бабалар ізімен» экспедициясы Ресейдің Астрахань облысында жерленген бабамыз Құрманғазы Сағырбайұлының басына барып, Алтынжар ауылындағы мұражайда сақталған құнды жәдігерлермен танысты.

Өнердің қайталанбас өр тұлғасы болған Құрманғазы Сағырбайұлы Астрахань облысындағы Алтынжар ауылының осы төбесінде мәңгілікке тыныстап жатыр. Күй әлемінде өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған дала сазгерінің бүгінде «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа» секілді күйлері кеңінен танымал. Одан бөлек 60-қа жуық туындысы бар. Тағдырдың түрлі теперішін көрген Құрманғызының күйлері көңілді бірде құздан құлатып, бірде толқындай тулатады.

Алтынжардағы бұл мұражайға алыс-жақын елден келушілердің қарасы көп. Мұндағы ең құнды жәдігер – Құрманғазы Абыр  атты досының немересіне күй шертуді үйреткен домбыра.

Жұмақыз Иманбаева, мұражай қызметкері:

- Құрманғазы атаға айтқан: «Мына менің домбырамымен немереме өзіңнің білетін күйлеріңді үйрет» деп. Сонда Құрманғазы атамыз шектің бәрін өзі істеген. Былтыр бізге Италиядан профессор келді. Сол кісі домбыраны қарап, мына домбыраның шектері миллиметріне дейін дұрыс істелгендігін айтқан.

Мұражайдың жанында мәдени орталық ашылған. Дәулескер күйшінің өмірі мен шығармашылығымен танысуға келгендерге Құрманғазының күйі шертіліп, ұлттық дәстүріміз дәріптеледі.

Амангелді Әбілғазиев, «Құрманғазы» атындағы мәдени орталықтың директоры:

- Құрманғазы ата кім болғанын, қандай композитор болғанын хабарлау. Сол Құрманғазы атамыздың күйін тартып, қазақ халқының өнерімен қонақтарымызды таныстырамыз.

 Астрахань орталығындағы қолында домбырасы бар аттың үстіндегі Құрманғазының ескерткіші алыстан көзге түседі. Облыстың 450 жылдық мерейтойына орай бұл мүсінді  2008 жылы Қазақстан сыйға тартқан.

Дала консерваториясы түлегінің таланты әлемдік деңгейде мойындалған. Тек бабаның қалдырған мұрасын сақтау, насихаттау бүгінгі буынға жүктелген жауапкершілік.

Сапар Ысқақов, саяхатшы:

- Егер жастар өзінің бабаларын білсе, тарихта, мәдениетте қалған іздерін білетін болса, әсіресе Құрманғазы бабамыздан қалған қаншама күйлер бар. Солардың бәрін естіп жүрсе, үлкен рухани жаңғыру алады.

«Бабалар ізімен» экспедициясы Астраханьдағы сапарын аяқтап, Дағыстанға қарай бет алды. Бабалар тұлпарының тұяғы жеткен бұл өлкеде де ашылмаған сыр көп.

Авторы: Асқарбек Қазанғап

Хабар 24 телеарнасы