386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада қолжазбалар мен сирек кітаптардың ұлттық орталығы ашылды

  • 1526
  • UPD: 23:22, 10.06.2017

Мәдени мекеме «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында құрылды.

Алдағы уақытта бағзы замандардан бүгінгі күнге жеткен көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды тереңнен зерттеуге баса назар аударылмақ. Бұл бағыттағы алғашқы қадам ретінде тұрғындар назарына ежелгі қолжазбалар мен сирек кітаптар ұсынылды. «Ұлт мұрасы – ұрпақ қазынасы» атты көрме аясында 100-ден астам бірегей туынды жинақталды. Шағатай, араб, парсы, иврит қарпінде жазылған көне еңбектер 17-18 және 19 ғасырларды қамтиды. Көрмеге қойылған дүниелердің дені «Ғылыми орда» мемлекеттік ғылыми кітапханасының қорынан әкелінген. Құнды қолжазбалардың қатарында хәкім Абайдың өлеңдері, ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазбалары, Жаяу Мұса Беркімбаев, Мұхтар Әуезовтің қолжазбалары, сонымен қатар, Абылай ханның Сібір генерал поручигі  Иван Шпрингерге жазған хаты бар. Қожа Ахмет Яассауидің атақты «Даналық кітабы» мен иврит тіліндегі Моисейдің Тора кітабы да жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Біз Ватикан архивін білеміз. Венеция архивін білеміз. Бізге де қатысты көптеген деректерді сол жерден алып келдік. Қазіргі кезде өздеріңіз көріп отырғандай, жетінші ғасырда, немесе 13-15 ғасырда сирек кітаптардың қолжазбалары бүгін, мінеки, орталыққа біз бәрін жинастырып, халыққа паш етіп көрсетіп жатырмыз. Бұл біздің келешек ұрпаққа керек.

Жабықбай Әділәлі, Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының бөлім жетекшісі: 

- Шағатай жазуы дегеніміз - көне түркі жазуы. Көне түркі жазуы болғанда, яғни олар араб жазуын қолданды. Енді олардың тілі басқа, жазуы бөлек те, тілі басқа. Тілі, яғни көне ұйғыр жазуы, түркі жазуы болды. Осындай негізде шыққан кітаптарды айтуға болады.

Хабар 24 телеарнасы