384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Омбы қазақтары алғаш рет қымызмұрындық мерекесін тойлады

  • 985
  • UPD: 14:50, 17.06.2017

Ресейдің Омбы қаласында алғаш рет қымызмұрындық мерекесі тойланды. Шекаралас аймақта тұратын қазақтар ежелгі дәстүрді жаңғыртып, сақтардың сүйікті сусынын сапырды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

Омбы қаласының төрі қазақы ауылға айналғандай. Орталық саябақта ақшаңқан киіз үй тігіліп, даладай дастарқан жайылды.

Омбы облысында тұратын қандастарымыз биыл бірінші рет қымызмұрындық мерекесін тойлап, мәре-сәре болып жатыр. Бұл ежелгі салт-дәстүр. Ел-жұрт жаз жайлауға жайғасып, бие байлап, ағайынды алғашқы қымызға шақырады. Омбылық қазақтар да сақтардың сүйікті сусынын сапырып, әдет-ғұрпын дәріптеді. Мерекеге 100 литрдей қымыз дайындалды. Күн ыстық. Сондықтан жиналғандар шөлін ұлттық сусынмен қандырды. Қаракөз өнерпаздар концерт ұйымдастырып, ән мен жырдан шашу шашты. Бір сөзбен айтқанда ағайын арқа-жарқа.

Айгерім Дүнгененова, Омбы қаласының тұрғыны:

- Қымызды өте жақсы көреміз. Себебі ол бір жағынан денсаулыққа пайдалы, екіншіден, ата-бабадан қалған дәстүрді жаңғыртып, қымызмұрындық мерекесін тойлап жатырмыз. Осы Омбы жеріне барлық қазақ жұрты жиналып, елге паш етіп жатырмыз.

Алтынай Жүнісова, «Мөлдір» қазақ мәдени орталығының басшысы:

- Қазақстаннның астанасы бізге жақындады. Небәрі 800 шақырым жер ғана. Қазақстанда болған жаңалықтардың бәрін көріп отырамыз. Қуанамыз. Кеше ғана ашылған ЭКСПО көрмесіне AirAstana рейсімен ұшып барамыз.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

Қымызмұрындық - береке-бірлікті бекемдейтін мереке. Той-думаннан өзге ұлттар да қалыс қалмады. Өзбек, тәжік, әзірбайжандар да ұлттық тағамдарын дайындап, дәм татқызды. Жалпы Омбы облысында қаймағы бұзылмаған 40-тан астам қазақы ауыл түтін түтетіп отыр. Өңірде 300 мыңдай қандас бауыр тұрады. Олар салт-дәстүрлерін ұмытпай, оны көздің қарашығындай сақтап келеді.

Хабар 24 телеарнасы