383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бабалар ізімен» экспедициясы Литвада

  • 773
  • UPD: 14:23, 28.06.2017

Түбі бір туысқан ұлт. Қарайым халқы мен батыс татар жұрты біздің бабаларымызбен бір шаңырақ астында күн кешкен.

Мұндай тың деректерді соңғы кездері Еуропа тарихшылары жиі айтып жүр. Сарыарқадан сапарға аттанған «Бабалар ізімен» экспедициясы кезінде Дешті Қыпшақ елінен осы жаққа қоныс аударған ата-бабаларымыз жүріп өткен жолмен Литвада танысты.

Қазақстаннан осыдан 1,5 ай бұрын бастау алған экспедиция көші Литва еліне келіп жетті. Ел астанасы Вильнюстен жиырма шақырым жердегі Тракай ауылында қарайымдар күн кешіп жатыр. Ғалымдар олардың XII ғасырдан бастап Дешті Қыпшақ құрамында болғанын айтады. Яғни діні бөлек болғанымен, шыққан түбі бір.

Галина Кобецкайте, философия ғылымдарының докторы:

Олар кейінірек татар, қазақ, башқұр, қарайым болып бөлініп кетті. Дегенмен бәрі қыпшақ тілінде сөйлеген. Батыс қыпшақтары Венгрия, Болгария, Беларусь, Украина, Литваға қарай көшіп, кейін жергілікті тұрғындармен араласып кетті.

Әйгілі князь Витовттың қамалын сол дәуірде Дешті Қыпшақтың жауынгерлері қорғаған. Ал олардың бүгінгі ұрпақтары батыс татарлары мен қарайымдар болып табылады.

Қаз қатарынан тізілген аты жоқ құлпытастардың тарихы тереңде жатыр. XIII ғасырда моңғол шапқыншылығынан кейін Дешті Қыпшақ елінің бір бөлігі қазіргі Литва аумағына ойысқан болатын. Көне қорым біздің бабаларымыздың осы жерде өмір сүргеніне тағы бір айғақ болады.

Жақсылық Сәбитов, тарих ғылымдарының докторы:

Алтын орда ханы Тоқтамыстың арғын, барын, қыпшақтан құралған әскері бұл аумаққа 1397 жылы Ақсақ Темірмен шайқаста жеңіліс тапқаннан кейін осында келген болатын. Биыл қарайымдар мен татарлар бабаларының осында қоныс аударғанына 620 жыл болғанын тойлайын деп жатыр.

Өткен тарихты санада қайтадан рухани жаңғырту. «Бабалар ізімен» экспедициясының о бастағы мақсаты осы болатын. Сапар барысында біздің бабаларымызға қатысты бүгінге дейін белгісіз болған қаншама дерек жарыққа шықты.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

Ғылыми экспедицияның шыққанына 50 күндей уақыт болды. Осы екі ортада 10 шақты елде болдық. Барлық жерде де біздің бабаларымыздың ізі жатыр. Оны сол арада болған оқиғалар, қалдырған архитектуралық кесенелер, ол кісілердің істері, барлығы да сайрап жатыр.

«Бабалар ізімен» экспедициясы енді Еуропаның Польша, Германия, Италия, Франция секілді елдеріне арнайы ат басын бұрады. Бұл жақта да біздің бабаларымыздың қалдырған үлкен мұрасы бар.

Авторы: Асқарбек Қазанғап

Хабар 24 телеарнасы