386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық әнші танымал Graz Opera сахнасында өнер көрсетті

  • 693
  • UPD: 12:27, 05.07.2017
Қазақстандық әнші танымал Graz Opera сахнасында өнер көрсетті

«Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев Винченцо Беллинидің «Норма» операсындағы Поллион партиясымен дебют жасады. Қазақстандық әнші танымал Graz Opera (Австрия) сахнасында өнер көрсетті.

Спектакльдің тұсаукесері 6 мамыр күні өтті, бұдан кейін біздің вокалист тағы 11 спектакльде Рим проконсулының партиясын орындады, соңғы өнер көрсетуі 23 маусым күні өтті.

«Қойылымды біз бір ай дайындадық, маңызды музыкалық әрі режиссерлік жұмыс жүріп жатты. Бас кезінде мен біраз қобалжыдым, бұл жаңа әрі күрделі партия қолымнан келе ме деп толқыдым. Бір жағынан, бельканто стилін шыңдап жатырмын деген зор қуанышты сезіндім, себебі бұл тәжірибе нәтижесін беріп, басқа да спектакльдерге оң әсер етері сөзсіз. Кейін қойылым үрдісіне шабыттанып, музыкалық аурадан әсер алып, атақты әншілермен жұмыс жасай отырып, өзім де ашыла бастадым, актерлік шеберлігімді таныттым, жақсы ойын мен техникамды көрсеттім. Әріптестерім мені өте жоғары бағалады», деді М.Шотабаев.

Жалынды қауым да қазақстандық әншіні қуана қарсы алды, тыңдармандар оны сахнадан жібермей, «браво» деп айқайлады. Спектакльдерден кейін біздің солистке музыкалық сыншылар мақала арнап жатты. Неміс тілінде шығатын сондай газеттердің бірі Kronen Zeitung вокалист туралы «Қазақстандық жас әнші өзінің сыңғырлаған кең ауқымды дауысын, икемді техникасын паш етті» деп жазды.

Үш ай бойы Медет Шотабаевты отанында жанұясы мен қазақстандық табынушылары күтумен болды, ал жақында, 5 шілде күні Бейбітшілік және келісім сарайы жанында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұсынып отырған Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан сүйікті әншісінің дауысын естіп, тамсана алады. Бұл операда Медет Төлегеннің партиясын орындайды. Тамыз айында әнші атақты маэстро Пласидо Домингомен бірге Дж.Вердидің «Травиата» спектаклінде өнер көрсетуге дайындалуда.

Хабар 24 телеарнасы