383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ХIII «Еуразия» Халықаралық кинофестивалі өз мәресіне жетті

  • 617
  • UPD: 14:48, 31.07.2017

ХIII «Еуразия» Халықаралық кинофестивалі бүгін өз мәресіне жетті.

Оған 300-ге жуық кинотуынды ұсынылып, оның 100-ден астамы байқауда бақтарын сынаған болатын. Мәдени шараның жабылуына әлемдік кино жұлдызы Джон Малкович, ресейлік актер Егор Бероев, Софья Каштанова, Грузия киноматография орталығының директоры Зураб Магалашвили, қырғызстандық кинорежиссер Садық Шер-Нияз бен өз еліміздің әртістері қатысты.

Қазақстандық «Оралман» фильмі бас жүлдеге ие болды. Кинокартинаның қоюшы режиссеріСәбит Құрманбеков. Дәл осы туынды Иранда өткен Халықаралық Фаджр кинофестивалінде «Азияның үздік фильмі» жүлдесін жеңіп алған болатын. Енді «Еуразияның» үздігі атанды.

Сәбит Құрманбеков, «Оралман» көркем фильмінің режиссері:

– Бұл бұрыннан келе жатқан өзекті тақырыптың бірі – өзіміздің қандастарымыз туралы. Қатысқан кинолардың барлығының деңгейі өте биік болды. Ақтанның киносын алсақ та, Үндістан мен Вьетнамнан келген киноны алсақ та, бәрі тамаша. Грузия елінің туындысы да мықты болды.

«Үздік режиссерлық жұмыс» номинациясын «Кентавр» фильмін түсірген қырғызстандық Арым Кубат иеленді. «Үздік әйел рөлі» номинациясы «Моя счастливая семья» киносына түскен грузиялық Ия Шуглиашвилиде. Ал Әзірбайжанның «Гранатовый сад» фильмінде ойнаған Курбан Исламов «Үздік ер адам рөлі» аталымына лайық деп танылды. Осы кинотуынды мен Вьетнамның «Путевая станция» фильмі әділқазылардың арнайы жүлдесін алды.

Фам Хонг Ан, «Путевая станция» көркем фильмінің режиссері:

– Мен «Еуразия» кинофестиваліне қатысқаныма аса қуаныштымын. Ұйымдастырылуы, әділқазылар жұмысы өте жоғары деңгейде өтті. Барлығы керемет. Оның үстіне менің туындым жүлдеге ие болды. Қуаныштан толқып тұрмын.

Айта кетейік, қысқаметражды фильмдер конкурсының бас жүлдесі де Қазақстанда қалды. Ол режиссер Мейіржан Сандыбайдың «Ит» атты туындысы.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы