389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Опералия» байқауының жеңімпаздары анықталды

  • 532
  • UPD: 07:49, 30.07.2017

«Астана Опера» театрында вокалистердің дүние жүзіндегі ең беделді байқауы - «Опералия» жеңімпаздары анықталды. 18 бен 32 жас аралығындағы жезтаңдай майталмандар классикалық өнердің құдіретін паш етіп, елорда аспанында әлемдік туындылардың әуенін қалықтатты.

Әйгілі опера әншісі әрі дирижері Пласидо Доминго негізін қалаған өнер сайысында Оңтүстік Африка Республикасының теноры Леви Секхапан топ жарды. Екінші орын италиялық тенор Давиде Джустиге бұйырды. Үздік үштіктің қатарында Оңтүстік Кореядан келген баритон Леон Ким бар. Әйел әншілер арасында румыниялық Адела Захариа «Опералия» байқауының жеңімпазы атанды. Ол Домингоның анасы - Пепита Эмбил атындағы арнайы жүлдені де еншіледі. Ресейлік Кристина Мхитарян байқау қорытындысы бойынша екінші орынға ие болса, қазақстандық Мария Мудряк үшінші орынға табан тіреді. Отандасымыз көрермен көзайымы деген арнайы сыйлыққа да қол жеткізді. Ерлер арасында бұл марапатқа кореялық Леон Ким ие болды. Жеңімпаздардың әрқайсысына 30 мың доллардан табыс етілді. 

Леви Секхапан, «Опералия» байқауының жеңімпазы (ОАР):

- Атақты конкурсқа қатысып, осындай керемет театрдың сахнасында өнер көрсету үлкен бақыт. Мен жеңіске жету үшін бар шеберлігімді салдым. Пласидо Домингомен жұмыс істеу үлкен жетістік деп білемін. Ол осы байқауға қатысқан барлық әншіге өз білгенін үйретіп, ақыл-кеңестерін берді. Жылы қабылдаған Қазақстандық көрермендерге алғысым шексіз.

Мария Мудряк, «Опералия» байқауының жүлдегері (Қазақстан):

- Бұл әлемдегі ең қиын конкурстың бірі. Сондықтан финалға шығуымның өзі үлкен жеңіс деп санаймын. Өте қатты қуаныштымын. Қобалжулар мен тынымсыз дайындықтың бәрі артта қалды. Мені қолдап-демеген барша Қазақстандықтарға алғыс айтамын.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің мәдени бағдарламасы аясындағы айтулы іс-шара елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылды. Астанадағы жиырма бесінші «Опералия» байқауына дүниежүзінің түкпір-түкпірінен 40-қа жуық дарынды вокалист келді. Үш кезеңдік іріктеуден үздік шыққан 14 әнші финалда сайысқа түсті. Өнер додасының жалпы жүлде қоры 180 мың АҚШ долларын құрады.

Хабар 24 телеарнасы