386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Балет» ұжымы Түркия жұртшылығын өнерімен тамсандырды

  • 731
  • UPD: 14:51, 10.08.2017
«Астана Балет» ұжымы Түркия жұртшылығын өнерімен тамсандырды

Еліміздің әртістері Бодрумдағы Халықаралық балет фестиваліне алғаш қатысқан еді.

Бодрумдағы XV халықаралық балет фестиваліндегі «Астана Балет» театрының дебюті сәтті өткені соншалық, театр ұжымын Түркияда келесі жылы өтетін фестивальге де шақырды.

Бодрумдағы фестиваль Түркиядағы тұңғыш әрі жалғыз ғана балет фестивалі. Жыл сайын жазда өтетін фестивальге әлемнің үздік труппалары мен балет жұлдыздары шақырылады. Сол себепті болар Түркияның өзінде де бұл фестивальдің орны ерекше. Көптеген театр қайраткерлері мен балетсүйер қауым Бодрумдағы демалысын фестиваль өтер мерзімге ыңғайластыруға бейім.

Фестивальдің көркемдік жетекшісі Саадет Зейнеп Сунал былтырдан бері Бодрумдағы балет фестивалі халықаралық фестивальдер мен байқаулар федерациясына енгенін мақтанышпен жеткізді: «Біздің сахнада өзінің үздік қойылымдарын түрік театрлары ғана көрсетіп қоймай, Корея мен Американың әйгілі ұжымдары, LOS VIVANCOS атты танымал испан ұжымы, Краснояр Опера және балет театрының труппасы, Наталья Касаткина мен Владимир Василёв жетекшілік ететін Мемлекеттік академиялық классикалық балет театры өнерін көрсетіп, Борис Эйфманның театры «Дон Кихот» спектаклін қойды. Біз дүние жүзіндегі танымал, әйгілі балет ұжымдарын шақыруға тырысамыз, бағдарламамыздың да қызықты әрі алуан түрлі болуына күш саламыз. Биылғы бағдарлама да осыған мысал бола алады».

Астана Балет» театры көрермендерге қызықты бағдарламаны тарту етті. Көрермен қауым хореограф Рикардо Амаранте қойған театр репертуарындағы GAIA және A Fuego Lento атты бір актілі балеттерін тамашалай алды. «Осы фестивальге қатысып, тамаша өнер көрсеткенімізге қуаныштымын. Әртістердің биі, көрерменнің қошеметі – осының бәрі көңілден шықты. Фестивальді ұйымдастырушылар да, көрермен қауым да әртістеріміздің сезімтал, сұлу әрі техникасының да мықты екенін атап өтті. Біз үшін бұл қиын қойылым болғанымен, «Астана Балет» театрының әртістері бұл дүниені дарындылығы мен еңбекқорлығының арқасында алып шықты. Олар нағыз балет салтанатын паш етті», деді фестивальдегі қойылымнан кейін Рикардо Амаранте.

«Астана Балет» театрының Әулие Петр Қамалының амфитеатрында көрсеткен GAIA және A Fuego Lento атты қос спектакльдің пластикалық, музыкалық және эмоциялық тұрғыдан айырмашылығы жер мен көктей. GAIA су, жер, от, ауа және орман секілді өзара әрекет етіп, бірін-бірі толықтырып отыратын бес элементтен құралған Жер шары жайлы сезімтал әрі жан-тәніңді баурап алатын хореографиялық әпсана.

A Fuego Lento ынтық сезім, буырқанған құштарлық, алаулаған эмоцияға толы қойылым. Қос балеттің алуан түрлілігіне қарамастан, «Астана Балет» театрының орындауында екеуі де үйлесімді көрінді. Жер-Ананың мінсіз сұлулығы мен өшпес махаббат жайлы қос әпсананы көрермен қауым зор қошеметпен қарсы алды.

Фестивальге арнайы келген ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ биыл Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толғанын атап өтті, деп хабарлайды «Астана Балет» баспасөз қызметі.

Хабар 24 телеарнасы