ЭКСПО-да Самоа елінің ұлттық күні өтіп жатыр

ЭКСПО қалашығында Самоа мемлекеті өзінің ұлттық күнін атап өтіп жатыр. Бұл елдің павильонына келушілердің қарасы көп. Өйткені олар да баламалы қуат көздерін пайдаланудың түрлі жобасын ұсынған.

Асқарбек Қазанғап, тілші:

ЕXPO қалашығында күнде мейрам, күнде той. Бүгін Самоа тəуелсіз республикасы өзінің ұлттық күнін тойлап жатыр. Бұл ел туралы қысқаша мәлімет берсем, бұл Тынық мұхитының оңтүстігіндегі аралда орналасқан мемлекет. Самоа Полинезияның жүрегі болып саналады. Халқының саны 200 мыңға жуық болғанмен, 3 мың жылдық өмір салты бар. Самоада жылдың 12 айы ауа райы ыстық болып тұрады. Жаңа ғана ұлттық күнді тойлаудың ресми бөлімі аяқталды. Қазақстан мен Самоаның əнұрандары ойналып, тулары көтерілді. 2013 жылдан бері бұл елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Самоа да жасыл энергетиканы пайдалануды қолдайды. Олар қазірдің өзінде энергетикалық қажеттіліктерінің 20 пайызын жанданбалы қуат көздерінің есебінен өтеп отыр. Ал 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу туралы нақты жоспарлары бар.

Климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның бұзылуы барша адамзатты алаңдататын жайт. Самоа елінің өкілдері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару арқылы ғана қатердің алдын алуға болатынын айтады.