EXPO көрмесін тамашалауға келген мексикалықтар таңданысын жасырмады

Алпауыт елдермен иық тірестіріп, халықаралық шара өткізіп жатқан елдің тарихы қандай?

EXPO көрмесін тамашалауға келген шетелдік қонақтар осы сұрақтың жауабын іздейді екен.

Бұл EXPO көрмесіне мексикалықтар. Мұхит асып жеткен қонақтардың таңданысында шек жоқ. Әсіресе көшпелі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне қызықты.

Омар Сервин, Мексикадан келген турист:

- Қазақтардың көшпелі халық болғанынан хабардармын. Сондықтан олардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті, тарихы қызықтырды. Қазақ халқы туралы білу үшін мұражайға әдейі келдім. Көрдім. Ұнады. Қазақстан жас мемлекет. Дегенмен тарихы тереңде жатыр екен. Олардың ертедегі тұрмыс тіршілігі, жаугершілік заманда қолданған құрал-саймандары қызықтырды. Қазақстанға алғаш рет келуім. Қонақ болғаныма еш өкінбеймін.

Мұражайда 15 тақырыптық зал бар. Оның жетеуі негізгі. Қалғандарында EXPO аясында түрлі халықаралық көрмелер өтеді. Солардың біріҚытай императоры Цинь Шихуандидің «Терракота әскері» көрмесі.

Берікбол Қайратбекұлы, Павлодар облысының тұрғыны:

- Маған тарих пәні ұнайды. Осы музейге келіп, көп ақпарат алдым. Енді мектепке барған кезде сол ақпараттарды мұғалімге айтып беремін.

Халықаралық көрме басталғалы мұнда келушілердің саны 120 мыңнан асқан. Олардың 30 мыңға жуығы шетелдік.

Құмар Жүнісов, экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің әдіскері:

- EXPO көрмесі аясында 12 халықаралық және отандық көрмелер өтті. Бұл көрмелерді 70 мыңнан астам адам келіп тамашалады. EXPO көрмесі аясында музейге келушілердің саны бірнеше есеге артты. Осы 7 айдың ішінде келушілердің саны 215 мыңнан асты. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда өте көп.

Музейге келушілер жәдігерлермен таныстырушыны өздері таңдай алады. Мұнда бас аяғы бір сағаттың ішінде ақпараттармен толық таныса аласыз. Ал оқушылар үшін мұражайға кіру тегін.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Өмірбек Ізімов