EXPO көрмесі шеңберінде СҚО-ның мәдени күндері өтеді

Ұлттық мұрағат Мағжан Жұмабаевтың ұзақ жылдар бойы құпия сақталып келген қолжазбаларын көрермен назарына ұсынбақ. 1922-ші жылы жазылған құжатта қаламгер ашаршылықтан зардап шеккен халықтың жағдайын баяндаған. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының жетекшісі Мәдияр Қожахмет хабарлады.

Жалпы Қызылжар өңірінің EXPO көрмесі шеңберінде өтетін мәдени күндерінде «Этноауыл» ұлттық кешеніне «Атамекен. Әкелер жері» атты тарихи мұражайының 700-ден астам жәдігері қойылады. Тамыз айының соңына дейін жалғасатын шара EXPO қалашығындағы Амфитеатр алаңында гала-концертпен аяқталады. Сондай-ақ алдағы 10 күн ішінде Астана сахнасында Солтүстік өңірінің театр ұжымдары өнер көрсететін болады.

Біржан Жалғасбаев, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:

– 2000-жылы мәдениетті қолдау жылында Елбасы өзі арнайы келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы тұсауын кескен Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының 17 жылдық тарихы бар. Бүгінде 70-ке жуық қойылымды сахналап үлгерді. Сондықтан біз сіздерді асыға күтеміз. Қойылымдарымыз сіздердің жүрегіңізден орын алады деген үміттеміз.