387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Х.Бөкееваның 100 жылдығына арналған облыстық театрлар фестивалі мәреге жетті

  • 782
  • UPD: 16:33, 10.11.2017

Оралда Қазақстанның Халық әртісі Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған облыстық театрлар фестивалі мәреге жетті.

Бұл өнер бәсекесі ауыл-аймақтағы театр ұжымдарының кәсіби шеберлігін шыңдайды.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

– Бұл жолғы өнер бәйгесін Хадиша Бөкеева сынды сахна саңлағының 100 жылдық мерейтойына жерлестерінің тамаша тартуы десе де болады. Театрлар байқауына облыстың барлық аудандарынан 11 өнер ұжымы қатысты. Соның тоғызының халықтық атағы бар. Жалпы облыс бойынша 124 драма ұжымы жұмыс істейді. Қазылар алқасы фестивальге қатысушы ұжымдардың қойылымға сай киім үлгілеріне, сахна мәдениетін сақтай білуі және актерлердің әртістік шеберліктеріне ерекше мән берді. Фестивальдің талабына орай өнер ордалары Хадиша Бөкееваның қатысқан қойылымдары мен сомдаған рөлдерінен тұратын бір спектакль дайындап әкелді.

Жарқынбек Шынтаев, Бөрлі аудандық мәдениет үйінің қызметкері:

– Хадиша Бөкееваның 100 жылдық мерейтойына байланысты Бөрлі ауданы Ақсай қаласынан Әбділдә Тәжібаевтың «Көңілдестер» атты драмасын алып келдік. Ішінде достық та, сатқындық та, адалдық пен арамдық та бар. Бірақ қанша жыл өтсе де, өзінің құнын, мазмұнын жоймаған драма. Өйткені кейіпкерлері өмірде әлі де бар.

Нұрлыгүл Жұбатова, қазылар алқасының төрайымы:

– Осыдан біраз жыл бұрынғы қойылымдарға қарағанда сапасы жақсы. Жас режиссерлердің ізденісі бар. Барлығы өз салаларының мамандық иелері. Бірі музыкант, бірі хормейстер, бірі методист, бірі кітапханашы.

Фестиваль қорытындысында Хадиша Бөкеева атындағы арнайы жүлдемен қатар «Үздік режиссер», «Ең үздік әйел және ер адам рөлдері», «Ең жас актер», «Үздік декорация» сынды аталымдары өз иелерін тапты. Ал көрермен назарына Георгий Хугаевтың «Қара Шекпен» туындысын ұсынған Теректілік «Дат» театры фестивалдің бас жүлдесін еншіледі. Жалпы бұл жолғы өнер бәсекесі «Ел іші – өнер кеніші» екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. 

Хабар 24 телеарнасы